Амал мерекесін тойлауға отпан тауға 10 мыңдай адам жиналды
«Амал келді - жыл келді». Көрісу мерекесін маңғыстаулықтар дәстүрінен жаңылмай «Адай ата - Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде қарсы алды. Таудың етегіне 50-дей киіз үй тігіліп, әр шаңырақ иесі қазан толтыра ас салып, шұбат-қымыз, бауырсақ ұсынды. Халық төс қағысып, арадағы өкпе-ренішті кешірісті. Концерттік шарадан бөлек ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Биылғы шараға 10 мыңға жуық адам жиналған. Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан және Ресейден келген қонақтар да бар.
Анастасия Подольская, саяхатшы, Ресей:
- Бұл жерге келушілердің қарасы қалың. Сахнадан бөлек, әр киіз үйдің алдында музыка әуелеп тұр. Еріксіз билеп кеткің келеді. Кез-келген шаңырақ иесі төрін ұсынып, дәмнен ауыз тиюге шақырады. Жасы үлкеннің кішіге ақ батасын беруі маған ерекше әсер етті. Қазақ ұлты өте бауырмал екеніне көзім жетті. Отбасымызбен Маңғыстауға алғаш келуіміз.