Петропавлда 5 үй су астында қалды
Еліміздің солтүстігінде қар еріп, қарбалас басталды. 5 үй су астында қалды. Осыған байланысты коммуналдық қызмет екі ауысымдық жұмыс кестесіне көшті. Әсіресе «Береке», «Ойқала» және «Жұмысшы кенті» шағын аудандарында жағдай қиындай түскен.
Күн жылынып, қар көбесі сөгілсе болды Александр Скачковтың баспанасын су басатын. Жағдай биыл да қайталанды. Қазір осы маңда арнайы техниканың көмегімен су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Александр Скачков, Петропавл қаласының тұрғыны:
-Кеше күндіз қар суы 30-40 сантиметрге дейін көтеріліп, бірнеше бөлмеге жайылды. Тіпті аулада аяқ алып жүру қиындап кеткен еді. Қазір жағдай реттелді.
Су өткізетін құбырлардың көбі қоқысқа толып қалған. Сондықтан коммуналдық мекеме қызметкерлері қатып қалған суағарларды ыстық бу жіберу арқылы тазартып жатыр. Жұмыс әсіресе шеткі аудандарда қызған.
Арман Есергепов, коммуналдық мекеменің қызметкері:
-Шыны бөтелкелермен пакеттерге дейін шығып жатыр. Әрең дегенде тазартып алып жатырмыз.
Эльмира Сәдуақасова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
-Диспечерлік орталығына 293 өтініш келіп түсті. Тұрғындардың барлығы жолдағы суды, ауладағы суды және сарайдағы суды сорып алу бойынша хабарласып жатыр. «Жұмысшы кентінде» орналасқан бес үйге су кірді.
Қаладағы су сору жұмыстарына 48 техника мен 100-ге тарта адам жұмылдырылған. Үш эвакуациялық пункт әзірленіп қойды. 25 наурыздан бері жеке секторлардан 45 мың текше метрден астам су сорылды.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков