Хабар телеарнасы

Ақмола облысында 10 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалды

Ақмола облысында кәсіпкерлерге заңсыз тексеріс жүргізген лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мәселен, өңірдегі мемлекеттік орган қызметкерінің бірі көтерме-сауда дүкенінде өнімнің сапасын тексеріп, бағасын бағамдаған. Тек осы жылдың өзінде облыс бойынша осындай 6 дерек тіркеліп отыр. Сондай-ақ атқарушы биліктің 150-ге жуық заңсыз шешімінің күші жойылып, заң бұзған 51 тұлға түрлі жауапкершілікке тартылды. Осылайша, аймақта 10 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалған.

Рысбек Нұрланұлы, облыс прокуратурасы қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры:
- Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша салық органдарының 200-ден астам заңсыз шешімдері анықталды. Прокуратураның наразылығымен 97 осындай заңсыз шешімнің күші жойылды. Қалған іс қаралымда. Бұдан өзге мемлекеттік сатып алу саласында 3,2 млрд теңгеге конкурстан тыс, яғни «бір көзден сатып алу» фактісі анықталды.