Талдықорғанда 1мың 218 пәтердің заңсыз үлестірілгені анықталды
Талдықорған қаласында 2013-2021 жылдар аралығында 1 мың 218 пәтердің заңсыз үлестірілгені анықталды. Бүгінде 59 пәтер кері қайтарылған. Сондай-ақ әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға берілген 498 баспана заңдастырылды. Олар 7-8 жыл бойы үйлерінде ешбір құжатсыз тұрып келген. Ал кері қайтарылған пәтерлер баспана кезегінде тұрған азаматтарға беріледі. Тұрғын үй қорындағы пәтерлерді заңсыз үлестірген мемлекеттік қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тұрғын үй бөлімінің бірнеше қызметкері сот санкциясымен үйқамаққа алынды. «Өзге деректер тергеу жүріп жатқандықтан жария етілмейді», - дейді облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілдері.
Айдос Жетпісбаев, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті тергеу басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңда қылмыстық іс Талдықорған қаласының акиматының лауазымды тұлғаларына қатысты жүргізілуде. Оның ішінде бірнеше адам тұрғын үй бөлімінің қызметкерлері қазіргі таңда күдікті ретінде танылған.
Әсет Масабаев, қала әкімі:
- Талдықорған қаласының әкімшілігі, біздің прокуратура бар облыстық, қалалық прокуратура және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті өкілдері де бар. Осы үш мекеме болып осы мәселенің анық-қанығына жету мәселелерін анықтап жатырмыз.