Алматыда кенеге қарсы улау жұмыстары басталды
Оның алғашқы кезеңінде 2,5 мың гектар аумақ өңдеуден өтеді. 8 орманды алқап, 150-ге тарта саябақ пен гүлзарға дәрі шашылады. Ал дезинфекциялаудың екінші кезеңі мамыр, маусым айларында жүргізіледі. Сала мамандарының айтуынша, кенеге қарсы қолданылатын препараттың басқа жәндіктерге зияны жоқ. Адамға да қауіп келтірмейді. Былтыр мегаполисте 3 мыңнан астам адам кене шақты деп медициналық мекемелерге өздері барған. Ресми дерек бойынша 7 адамнан кене энцефалиті, тағы 9 адамнан кене борролиозы анықталған. Абырой болғанда өлім-жітім жоқ. Эпидемиологтар залалсыздандыру жұмыстарының қауіпті жәндіктердің көп таралауына жол бермеу үшін жасалып отырғанын айтады. Кене энцефалитінен вакцина салдырып қорғануға болады. Оған қоса табиғат аясына шыққанда ашық түсті киім киген жөн.
Гүлнәр Мақұлбекова, Алатау аудандық СЭБ басқармасының бас маманы:
- Ауру белгілері ең біріншіден дене қызуы болады. Әлсіздік және аяқ-қол тартылып сондай белгілер беруі мүмкін. Бірақ та ондай белгілер басқа да жұқпалы ауруларда кездесуі мүмкін. Осындай белгілері болып жатса саябақтан келгеннен кейін, демалыс орындарынан келгеннен кейін міндетті түрде көмекке уақтылы жүгінген дұрыс деп ойлаймын.