Шымкентке сұйытылған газ 1,5 мың тонна артық жеткізілетін болады
Автогаз тұтынушыларының қажеттілігі 6,5 мыңнан 8 мың тоннаға өскен. Сұранысты өтеу үшін арнайы келісім жасалды. Атырау мұнай өңдеу зауытының өнімі оңтүстікке тасымалданады. Еске салып кетейік, аймақта бір айдан бері дизель отыны тапшы. Шекті мөлшер белгіленіп, сұйытылған отын талонмен саудаланып жатыр. Салдарынан транзитті жүк көліктері орта жолда қаңтарылып, сағаттап кезек күтуге мәжбүр.
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрінің міндетін атқарушы:
- Біз нарықтың қажеттілігіне сәйкес жанармайдың мол қорын жинақтағанбыз. Шағын желілік стансаларда бағаның өзгеруі мен дизельдің тапшылығы болуы мүмкін. Бірақ мұнай өңдеу базасында сұйық отын қоры жеткілікті. Біз күнделікті қадағалап отырмыз. Тапшылық болмау үшін Атырау зауытынан еліміздің оңтүстігіне жанармай жөнелтуді жөн деп шештік. Яғни Алматы мен Түркістан облыстарына және Шымкент қаласына тасымалданады.