Елордада су тапшы
Судың да сұрауы бар. Еліміздің бас қаласында су тапшылығы байқалады. «Астана су арнасының» қала қажеттілігін толық қамтамасыз етуге қауқары жетпей тұр. Енді олар тіршілік нәрін арнайы уақытпен беріп жатыр. Бұл қашанғы жалғасады? Қаланы алда тағы қандай мәселе күтіп тұр?
Бас қаладағы «Шығыс» көпқабатты үйдің тұрғындары тіршілік нәрінен жиі қол үзіп бастағандарын айтып, шағымданады. Былтыр жаз бойы ауыз сусыз өткен жұрт биыл да сол олқылық қайталана ма деп қорқады.
Айтбала Балтабаева, қала тұрғыны:
- Кешке болмайды. Сенбі мен жексенбі болмайды. Барлық халық үйде болғанда.. Аты Астана болғаннан кейін суда проблема болмауы тиіс.
Абылай Жандосов, сантехник:
- Қазір жақсы жүріп тұр. Біз не істей аламыз. Ештеңе істей алмаймыз.
Астана су арнасы бұл проблема бүкіл елордаға ортақ екенін айтады. Өйткені қазір қалаға 350 мың текше метр су қажет. Алайда...
Талғат Бекмағанбетов, қалалық сорғы-сүзгі станциясының басшысы:
-Станцияның қуаттылығы 305 мың проект бойынша. Біз Қалаға 330 мың су жіберіп жатырмыз. Проекттен астам суды беріп жатырмыз. Келесі станция керек.
Қазіргі таңда үшінші станцияның құрылысы жүріп жатыр. Мамандар жыл соңына дейін бітіруді жоспарлаған. Ал ол іске қосылғанша ағын су қалаға арнайы уақытпен өлшеп беріледі. Яғни халық көп тұтынатын шақтарда қысым көтеріледі. Ал басқа кездерде су үнемделеді.
Ал жауаптылар бұл тапшылыққа қаланың күрт ұлғаюы себеп деп отыр.
Асқар Мусилов, Астана қалалық сумен жабдықтау және нөсерлі кәріз бөлімінің бас маманы:
-2025 жылда халықтың саны 1,2 млн деп жоспарладық. Бірақ қазір 2023 жылда халықтың саны асып кетті. 1,3 млн болып тұрса. 4-5 жылда 1,6 млн жетуі мүмкін.
Ел жүрегін әлемдік шахарлармен салыстырған Урбанистердің ақпаратына сүйенсек Куала-Лумпурда қаланың жылдық өсімі 2,4%, Нью-Йоркта 0,37% шамалайды. Ал Астананың үлкеюі болса 5% жеткен. Сарапшылар бұл қауіпті жағдай деп отыр.
Олжас Билялов, урбанист:
-5 жылдан кейін мектеп тапшылығы байқалады. Ол кезде кез келген кәсіпкерлік орталықтарды мектепке айналдырып жіберуіміз мүмкін. Көлік саны көбейеді. Халық жаяу жүруге көшуі мүмкін. Сол жағалау сусыз қалады. Жылу да жеткіліксіз болуы мүмкін.
Урбанистер қала құрылысына уақытша мараторий жариялап, инфрақұрылымға көңіл бөлуді ұсынады. Егер бұлай жалғаса беретін болса, елордамыз әлем астаналары арасындағы рейтингте төменгі орынға түсуі мүмкін.
Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім, Қанат Әбілдин, Айдос Медельбеков