Алматыда мопедтер қозғалысы қадағаланады
Алматыда мопед мінген курьерлердің көшедегі қозғалысын енді патрульдік полиция қадағалайды. Жол ережелерін бұзған жеткізу қызметінің өкілдері әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл салынады. Ол үшін «Сергек» камералары пайдаланылады. Барлық компаниялардың курьерлері тіркелген арнайы база жасақталып, әрқайсысына жарықпен шағылысатын номер беру көзделген. Егер ереже бұзса, сол номері арқылы іздестіріледі. Пилоттық жобаны енгізуге көшелердегі апаттардың жиілеуі себеп болып отыр. Мобильді көліктер қозғалысқа жеңіл, әрі оны тізгіндеу үшін жүргізуші куәлігі қажет емес. Арнайы тіркеу де талап етілмейді. «Сондықтан болар, мопед жүргізушілерінің ережені ескермей, тәртіпті төтесінен бұзуы азамай тұр», — дейді полиция өкілдері. Қазіргі таңда, мопедтерге қатысты тиісті заңнамаларға өзгеріс енгізу қарастырылып жатыр. Заң күшіне енген соң, талап та қатаңдайды.
Салтанат Әзірбек, Алматы қ. ПД ресми өкілі:
-Қазақстан Республикасы Әкімшілік кодексінің 615-бабының нормалары бойынша біз оны оларды әкімшілік жауапкершілікке тарта аламыз. Олар мопед деген ұғыммен емес, жол жүру қозғалысына басқа да қатысушылар деген ұғыммен. Негізі заңнама күшейтіледі қазіргі таңда, міндетті түрде. Мопедтерді бөлек көлік құралы етіп санайды, сондықтан, мопедті тізгіндеген азаматтар міндетті түрде өз көлік құралын тіркеуге қою керек және жол жүру куәлігін иемденуі тиіс.