Елорданың автобус парктері 9 млн табысынан қағылып отыр
Бас қаланың автобус парктері күнделікті жол ақысын төлемейтін жолаушылар кесірінен осынша табысынан қағылады. Яғни жылдық шығын 3 млрд теңгеден асады. Мамандар жыл басынан бері діттеген жеріне жету үшін ақы төлеуден жалтарған 51 мың адамды анықтаған. Соның 1200-і ғана әкімшілік жауапқа тартылыпты. Дегенмен жолаушылардың да өз шағымы бар.
Бақылаушылардың міндеті - қала мен қала маңына жолаушы тасымалдайтын көліктердегі жол ақысын тексеру. Мұндай автобус саны 800-ден асады. Олар шамамен 600 мың жолаушыны тасымалдайды. Бәрі тиісті төлемді жасап жүр ме?
Самал Кабышева, көліктік бақылау департаментінің менеджері:
- Күнделікті шамамен есептесек, жол ақысын төлемейтін 500-700 жолаушы кездеседі. Оның 50-60-ына әкімшілік хаттама толтырамыз. Қашып кететіндер болады, кейбір кезде дөрекі сөйлейтіндер болады.
Мамандар заңға қайшы әрекет жиі болатын бағыттарды да жақсы біледі. «Әсіресе транспорт құрамы үлкен №1 автобус паркі қып-қызыл шығынға батып отыр», – дейді.
Райымбек Қабиболла, көліктік бақылау департаменті директорының орынбасары:
- Қала маңына қатынайтын автобустарда жол ақысын төлемейтін, жол ақысынан жалтаратын жолаушылар көп кездеседі. Қосшы бағытында таңғы қарбалас сәтте қарайтын болсақ, автобустың іші лық толы болады, 100% толып тұрады. Ал бірақ біздің қызметкерлер тексеріске кірген уақытта онда тек 50% төлеген болып шығады.
Түсірілім кезінде көлік кешенін бақылайтын компанияның шырылы бекер еместігін біз де байқадық. Қас-қағым сәтте полиция өкілдері де келе қалды. Әкімшілік хаттама толтырылып, 7 мың теңге айыппұл салынды.
Бұл жолаушымыз өз әрекетіне қатысты мардымды жауап қатпады. Жалпы қоғамдық көлікке мінгендердің дені ақша төлеуге ниетті, бірақ кейде оған мүмкіндік болмайды екен.
- Вай фай бар деп жазылып тұрады, знак бар ғой любой автобуста, бірақ оның ешқайсысы істемейді.
- Сондықтан барлық жерде интернет дұрыс ұстаса, адамдарда дағды қалыптасады ғой.
- Кейбірде зарядка өшіп қалған жағдайда төленбейді да, былай обязательно төленеді.
Бір анығы жауапсыз жолаушылар кесірінен коғамдық көлік қомақты табыстан қағылып отыр. Мамандар оның зияны көпке тие ме деп қауіптенеді. Өйткені автобус паркінің жаңаруы табыстың толық түсуіне тәуелді. Бұл шығынның орны немен толады, тығырықтан шығар жол қайсы? Міне, осындай сұрақтарды ресми хатпен автопарк басшылығына жолдаған едік. Өкінішке қарай, жауап болмады.
Авторлары: Айбек Салдатбек, Әлібек Әлиев