Елімізде тенниске деген қызығушылық артты
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның үлкен жеңістерінен кейін елімізде тенниске деген қызығушылық арта түскен. Үлкен теннис үлкен тәуекелді қажет ететін спорт түрі. Сондықтан балаңыз кәсіпқой теннисші болғысы келсе, бір нәрсені жете түсіну керек. Иә, теннис қымбат спорт түріне жатады. Дегенмен бірінші кезекте ақша емес табандылық пен төзімділік тұрады. Яғни тек ерінбей еңбек еткендер биік белестерді бағындыра алады. Ендеше сол Рыбакинаның немесе Джокович пен Надальдардың қаншама тер төккенін түсінгендер ғана мықты спортшы бола алады. Еліміздің Теннис федерациясының мәліметінше, Алматыда жарты жылдың ішінде тенниске жазылған жас өрендердің саны 15 пайызға артқан. Қазір ауа-райы қолайлы болғандықтан ашық корттарымыз жеткілікті. Өкінішке қарай бізде жабық теннис корттары аздау. «Сондықтан суық күндері көптеген спортшылар жаттығуларын тоқтатуға мәжбүр болады»,-дейді мамандар.
Ерсайын Бердуов, теннистен жаттықтырушы:
- Теннистің ерекшелігі – мысалы, сен күреспен немесе бокспен айналысатын болсаң қанша күшің бар болса қарсыластарыңды жеңіп алуға болады. Ал бұл жерде күнделікті жаттығулар керек. 3-4 күн жаттығулар жасамасаң 3-4 күннен кейін ойнау барысында қанша жыл 10 жылдық тәжірибең болса да, допты ыңғайлап ұру яғни суып қалады қолың. Ол оңай спорт емес.