Былтыр қазақстандықтар 1400 атыс қаруын ерікті түрде тапсырған
Олардың ішінде ең көбін түркістандықтар әкеліп берген. Жамбыл мен Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары да біраз қару-жарақ тапсырды. Қызылорда, Қарағанды, Ақмола облысының тұрғындары 100-ден астам қарудан беріпті. Алматы облысының тұрғындары өз еркімен тоқсан түрлі қаруды өткізген. Нәтижесінде елдегі криминогендік ахуал біршама жақсарған. Бұл туралы арнайы брифингте Ішкі істер министрлігінің өкілдері айтты. Ал биылғы қару тапсыру науқаны бүгіннен басталып отыр. Ол үшін республикалық бюджеттен 89 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.
Асылбек Ыдырысов, ҚР ІІМ Әкімшілік Полиция комитеті қару айналымын бақылау бөлімінің бастығы:
-Заңсыз сақталған атыс қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ақшалай сыйақыға тапсыруға ниет білдірген азамат кез келген полиция органдарына өтініш бере алады.Төлемдер мөлшері олардың түріне, техникалық жәй-күйіне байланысты әр бірлік үшін 34 мыңнан 345 мыңға дейін әртүрлі болады.