Елімізде көпбалалы отбасылардың саны 27,7% артты
Ақпан айы бойынша жәрдемақына 538 мың отбасы алған. Оның 108 мыңы жаңадан қатарға қосылғандар. Жауаптылардың айтуынша, әр балаға берілетін ай сайынғы ақша 13 800 теңгеге көтерілген. Бұл аналарға көмек деп отыр. Ал көпбалалы аналардың айтары басқа. Ақ жаулықталардың базынасын әріптесім Диана Қадыр тыңдап келді.
Балалы үй - базар, баласыз үй - қу мазар. Алтын алқалы ананың 6 баласы бар. 4-еуі мектеп жасында. Ең кенжесі 2 жасар. Ал ананың уайымы басқа.
Зиуар Жұма, көпбалалы ана:
- Алты балаға берілетін жәрдемақысы бар. Алтын алқаға бөлек. Ауызды толтырып айтады. Жәрдемақыны көбейттік деп. Бірақ қосылғаны 7 мыңға жетер, жетпес. Пәтерді жалдап тұрамыз. Коммуналдық қызмет бар. Просто так тегін нәрсе жоқ.
Жеке кәсіп бастайын десе, балалары екі ауысыммен мектепке барады. Одан кішілерін балабақшаға жіберуге қалтасы көтермейді. Жолдасының құрылыстан табатын 150 мың жалақысы мен мемлекеттен алатын жәрдемақысы ас-судан арылмайды екен. Бұл бір ғана ананың мәселесі емес. Елімізде жұмыссыз аналардың саны 89 мыңға жуықтайды.
Гүльмира Жәкенқызы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқарма басшысы:
- Әлеуметтік жәрдемақы бұл жалақы емес. Тек отбасыға көмек ретінде. Жәрдемақы көлемі өсуде. Бұл айлық есептік көрсеткішке тәуелді. Бір жолға жәрдемақы беріледі. Ол бала санына байланысты. Бірінші, екінші, үшінші балаға биылғы жылы 131 мың беріледі. 4 және одан жоғары болса, 217 мыңнан астам төленеді.
Ал 2023 жылы қабылданған жаңа заңда көпбалалы аналарға қарастырылған жеңілдіктер бар. Алтын мен күміс алқа иелері көлік, жер, жеке мүлік салығынан босатылады. Зияткерлік меншік пен мемлекеттік қызметтер тегін көрсетіледі.
Ал сарапшылардың айтуынша, қазіргі жастар балалы болуға асықпайды. Оған экономикалық тұрақсыздық себеп екен. Алдағы 10 жылда туу көрсеткіші төмендеп, келесі 10 жылда қайта өспек.
БЛИЦ:
- Қазір үйленгендердің өздері де балалы болуға асықпайды. Бірінші тұрақты жұмыс тауып, үй алып содан кейін болмаса.
- Асықпау керек. Адам өзінің шешіміне тұрақты болған кезде ғана бала тууға, асырауға уже жақын болады.
- Оны асырай алмаймын деп қорқады. Әйелдер 2,3 баладан артық туғысы келмейді.
Эльмира Отар, әлеуметтанушы:
- Көпбалалы отбасы, аз балалы деп бөлудің қажеті жоқ. Әрбір балаға өзіне тиесілі мемлекет тарапынан көмегі бар. Францияның өзінде бала дүниеге келді ме, 17 жасқа дейін нақты мөлшерде 100 евродай төленіп тұрады. Ай сайын. Әлеуметтік сертификация жағынан қарайтын болсақ, егер отбасының 50% табысы азық-түлікке кететін болса, ол кедей отбасына жатады. Шын мәнінде отбасына не қажет? Азық-түлік, тұрғын үй мәселесі, балалардың бос уақытын қамтуы, білім алу.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, ағымдағы жылдың наурыз айында дүниеге келген сәби саны - 61 886. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бала туу көрсеткіші 0,5% өскен. Ал жер көлемі ұланғайыр аймақты мекендеген халық үшін бұл көп көрсеткіш емес. Жусанды даламыз жұртқа қашан толады деген де алаң бар.
Авторлары: Диана Қадыр, Таир Мерекенов