Жаңаөзендегі жарылыс: қаза тапқандар саны артты
Жаңаөзенде газ жарылысынан зардап шеккен 6 тұрғынның бірі тікұшақпен Ақтауға жіберілді. Оның жағдайы ауыр. Ал денесінің 60-70% күйген 2 науқас қазір жергілікті ауруханада емделіп жатыр. Таңғы сағат 4-те екі қабатты үйде болған жарылыс болып, 4 адам қаза болды. Олардың бірі — 3 жастағы сәби.
Біз қазір қалалық көпбейінді аурухананың алдында тұрмыз. Таңсәріден осында түскен 2 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Бірі — аяғы ауыр келіншек. Бел омыртқасына зақым келген әйелге операция жасалады деп айтылды. Ал екіншісі ер адам. «Аяғы бетон сынықтарының астында қалып қойған. Қазір жағдайы ауыр», — дейді дәрігерлер.
Серік Асқаров, Жаңаөзен қалалық көпбейінді аурухананың директоры:
-Ол науқастың да жағдайы ауыр. Бақылауда, сол реанимация бөлімшесінде. Сосын травматология бөлімшесінде екі кішкентай қыз жатыр. Орташа жағдайда. Ожогтары ондай көп емес. Сосын үлкен жігіт жатыр. Бетінде, қолында күйік бар.
Ақтаудан облыстың бас неохирургі бастаған бір топ дәрігер жаңаөзендік әріптестеріне көмекке келді. Барлық науқасқа тиісті емдік шаралар көрсетіліп жатыр. Жалпы таңнан бері 13 тұрғын емдеу мекемесіне қаралса, соның 7-уіне амбулаториялық көмек көрсетілген. Көпшілігі 5-12 жастағы балалар. Есіңізге сала кетсек, 2-шағын аудандағы №51 үйде болған газ жарылысына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Авариялық-құтқару жұмыстары аяқталуға жақын.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев