Хабар телеарнасы

БҚО-да киіктер шабындықты отап жатыр

Батыс Қазақстан облысында киіктер жайылымды таптап, шабындықты отап жатыр. Бұл жылда қайталанатын жағдай. Шаруалар ақбөкендерді қуып, әбден әуре сарсаңға түсті. Олар: «Қысқы мал азығын дайындай алмай қаламыз ба», - деп қынжылады. Ғалымдар да ашатұяқтылардың көбейгеніне алаңдаулы. Айтуларынша, киіктердің санын 500 мыңнан асырмау керек. 

Ақбөкендердің басым бөлігі қазір Қазталов ауданына қарай ауып барады. Шаруалардың уәжін тыңдау үшін іс сапармен Қараоба ауылына барған едік. Құзырлы құрылымдардың басшылары мен ауылдық ағайынның келелі жиынына дөп түстік. Фермерлер өз иелігіндегі жер телімдері киіктерді қорғауға арналған «Ащыөзек» қаумалына қосылғанынан бейхабар екенін айтып, аң-таң болып отыр.

Талғат Шадияр, шаруа қожалығының басшысы:
-Қаумалға жерім кіргенін ескерткен жоқ. Біздер естіп отырмыз. Сол қаумалдың ішінде 800 га жерім бар. Қазір 100 бас ірі қара ұстап отырмын. Былай қарағанда шабындық, сол жерден малға қысқы азық дайындаймыз. Бірақ енді мына жағдайда білмеймін. Отап жатыр.

Айдын Сүндетов, шаруа қожалығының басшысы:
-Осы үш округтің ортасында қазір киік жатыр. Миллионның үстінде, екі миллиондай киік жатқан болар. Биыл қуаңшылық болатын болса, халыққа өте қиын болады. Ол – бір. Екіншіден, киік ауру таратушы. Ол малға жұғады.

Аталған табиғи қаумал «Бөкейорда» резерватына тиесілі. Қараоба ауылдық округінің өзінен мұнда 29 шаруа қожалығының иелігіндегі 60 мың га жер кіреді екен.

Бисебай Төлепов, «Бөкейорда» табиғи резерватының басқарма басшысы:
-2012 жылы бұл жерлер резерватқа Үкімет Қаулысымен берілген. Бірақ 10 жылдан кейін құрылып отыр ғой. Шаруа қожалықтарына әуелде берілген кезде ескертілген. Ол резерваттың территориясы екені туралы.

Дәл қазір аймақта ақбөкендердің саны - бір миллион шамасында. Ал төлдеу маусымынан кейін олар екі есе көбеюі мүмкін. Өз кезегінде шаруаларға да келер шығын көлемі артпақ. Мәселені шешу үшін жергілікті ғалымдар киіктерді өндіріске пайдаланып, санын едәуір шектеуді ұсынды.

Қазыбай Бозымов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор:
-Ертеде 350-400, әрі кетсе, 450 мың бас киік біздің Жайықта жүреді де, жүруге болады да. Одан қорқыныш жоқ. Кейбір ауру болғанда, қасқырлар бар, басқасы бар. Сондықтан біздің территориямызда Орал популяциясы 350-450 (мың) болса, ол ешкімге де кедергі көрсетпейді.

15 сәуірден бастап өңірде киік санағы басталды. Мамандар ашатұяқтылардың мекенін әуеден бақылайды. Ал мамыр айында аймақта халықаралық сарапшылардың қатысуымен жиын өткізіліп, ақбөкендердің ендігі тағдыры талқыланады. Шақшадай басы шарадай болған шаруалар: «Киік мәселесін тезірек шешу керек», - деп отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов