Хабар телеарнасы

Қарағанды облысында аймақтық агрокеңес өтті

Қарағанды облысының диқандары мамыр айының басында жаппай көктемгі егіс науқанына кіріседі. Биыл шаруалар 1 миллион 105 мың гектар алқапқа дәнді-дақыл себуді жоспарлап отыр. Ол үшін қорда тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағар май жеткілікті ме? Қандай кедергілер бар? Бұл мәселелер Нұра ауданының Шахтер ауылында өткен агрокеңесте кеңінен талқыланған еді. Сонымен тараптар қандай ортақ шешімге келді? 

Биыл өңір диқандары көктемгі егіс науқанына 106 мың тонна дәнді-дақыл және 42 мың тонна картоп тұқымын дайындаған. Айтуларынша, бұл ішкі қажеттілікті өтеуге толық жеткілікті. Қазір қыр басында 9,5 мың трактор мен тұқым себетін 250 кешен сақадай сай тұр.

Ермағанбет Бөлекпаев, облыс әкімі:
-Біздің алдымызда бірінші кезекте көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу міндеті тұр. Соңғы жылдары минералды тыңайтқыштар, жоғары сапалы тұқымдарды көбірек қолданып, заманауи жоғары өнімді техника сатып алуға инвестиция тартыла басталды.

Шаруалар алдағы науқанға тас түйін әзір. «Тек кейін өнімді өткізуге көмек берілсе», — дейді. Себебі соңғы жылдары әлемдік нарықта майлы және дәнді дақылдарға сұраныс тым азайып кеткен.

Павел Лущак, шаруа:
-Мәселен өткен жылдың сәуір айымен салыстырғанда майлы дақылдардың да, дәнді дақылдардың да бағасы екі есеге арзандап кетті. Қазір өзі не себерімізді білмей қалдық. Сұраныстағы дақылды анықтау қиынға соғып отыр. Біз үшін ең басты міндет — барлық шығындарды азайту.

Ал шығынды барынша азайту үшін биыл шаруаларға берілетін көмек қаржының барлық түрі сақталып отыр. Тұқым, тыңайтқыш, гербицидті субсидиялау үшін бюджеттен 3,5 миллиард теңгеден астам ақша бөлінген.

Әбілхайыр Тамабек, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:
-Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 140 миллиард теңге бөлінді биыл. Жеңілдетілген жанар-жағар май бар. Нарықтағы жанар-жағар майдың құны қазір 295 теңге болатын болса, шаруалар қазір 210 теңгеден алып отыр.

Агрокеңесте қаржы ұйымдарынан келген мамандар шаруаларға тегін кеңес беріп, мемлекет тарапынан жасалып жатқан түрлі көмектерге қалай қол жеткізуге болатынын жан-жақты түсіндірді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар