Хабар телеарнасы

Мұсылман қауымы мың айдан қадірлі Қадір түнін күтеді

Қасиетті болуының мәні – Құранның түсуі. Бұл түні намаз бен Құран оқудың сауабы мол. Жұртшылық осы түннің мән-маңызын біле ме? Мешіттерде құлшылық етудің тәртібі қандай? 

Күллі мұсылман бүгінгі түнді құлшылықпен өткізгені ләзім. Еліміздегі барлық мешіттерде уағыздар айтылып, жамағаттың мың айдан қадірлі түнді тілек тілеумен өткізуіне себепші болмақ. Қадір сөзі араб тілінен аударғанда «тағдыр» деген мағынаны білдіреді. Бұл түнде жасалған ғибадат 83 жыл құлшылық еткенмен тең.

Хасан Аманқұл, ҚМДБ діни оңалту бөлімінің меңгерушісі:
-Негізі ер адамға да, әйел кісіге де мешітке міндетті түрде барып қадір түнін өткізу керек ондай деген талап жоқ. Бұл енді қосымша ғибадат. Мұстахап. Ертеңгі жұмысы бүгінгі қадір түнінде ұйықтамай өткізгеннен де маңызды іс шаралар болуы мүмкін. Ондай кездерде ол адам күнәһар болмайды. Әйел кісінің мешітке келуі, түнде мешітке баруы жайында шариғат барынша ол кісілердің үйде отырғанын абзал көреді.

Бұл түні мұсылмандардың ізгі әрекетін жарыса жазатын періштелер көктен ағылады. Алла әмірімен жер бетіне өлім періштесі – Жәбірейіл түседі. Таң атқанша жұлдыздардың ағып түсуіне тыйым салынады. Ал шайтандарға күнмен бірге жарыса шығуларына рұқсат етілмейді. Бұл түннің тағы бір белгісі, түн суық, яки ыстық емес, жайлы болады.

Жұманазар Садырхан, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы:
-Қадір түнінде жасалатын бір құлшылық көптеп намаз оқу дейді. Мешіттерде арнайы тарауих намазы оқылады. Үйде болған жағдайда, сол намазды жалқаулықпен емес, мейлінше руханиятпен, 20 рәкат тарауих намазымыз бар, құптан намазымыз бар, адам өмірінде бір рет оқылатын нәпіл, тасбих намазы бар. Сондай намаздарды оқып, құран, дұға, сүрелерімізді айтып үй ішімен бірге орындау үлкен бір сауап. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастауымен «жарамазан жырын айту» эстафетасын өңірлер жалғап әкетті. Ел ішінде жарапазан аталып кеткен бұл сөздің шығу төркіні «Жа-Рамазан» Рамазанның келуі дегенді білдіреді екен. Ұлттық дәстүрді ұлықтауда әсіресе Қарағанды облысы белсенді. Ондағы жарамазаншылар қара домбыраға үндескен ораза жырын қыран бүркіт, құмай тазымен саябақтарда да ірі сауда үйлерінде де көрсетіп жүр.

Аслан Еркінұлы, жарамазаншы:
-Мешіттен имамдар хабарласып, сосын осы өнердегі достармен Алла разылығы үшін жарамазан айтуды бастадық. Бір пайда табу мақсатында емес, тағы айтайын мешіттің атынан жақсылық тілеу , дінді дәріптеу мақсатында айтып жүрміз көпшілік жерге.

Бүгін кешке елордадағы мешіттерде ауызашар беріліп, тарауих намазы оқылады. Таң намазына дейін сәресі беріледі. Ораза Айт мерекесі 21 сәуірде атап өтіледі. Соған дейін мұсылман қауымы пітір садақасын бергені ләзім.

Авторлары: Диана Қадыр, Дәуренбек Бағдәулетұлы, Мухамбетали Тилдабаев