Ұлытау облысында қатерлі ісік дендеп барады
Ұлытау облысында онкологиялық аурулардың артуына зымыранның еш қатысы жоқ. Бір жылға жуық зерттеу жүргізген ведомствоаралық комиссия осындай шешім шығарды. Ал халық соңғы 10 жылда қатерлі ісіктің 25% дейін артуының себебін білгісі келеді.
Найля Қиясова бойында қатерлі дерттің барын ойда жоқта біледі. Скринингтен өткен келіншекте 1-ші сатыдағы сүт безі ісігі анықталған.
Найля Қиясова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
-Осы жерде ота жасады. Қазір жағдайым жақсы. Барлық әйел азаматшаларға тексерістен өтіп тұруға кеңес беремін. Мына кеселді онсыз уақытында анықтау мүмкін емес екен. Жезқазған обырға шалдығу және қайтыс болу көрсеткіші бойынша өңірлер арасында алдыңғы орында. Өткен бір жыл ішінде 308 адамнан осы дерт анықталған. Биылғы көрсеткіш тіптен нашар. Небары 4 айдың ішінде 285 адам қатерлі ауруға шалдыққан.
Болат Жабаспаев, онкология бөлімінің меңгерушісі:
-Кадр тапшылығы бар. қажетті құрал-жабдықтар жетіспейді. Сондықтан, Қарағандыдағы онкодиспансердің көмегіне жүгініп отырмыз. Науқастарымыз сол жақта кеңес алып қана қоймай, ем-дом шараларынан өтеді.
Облыста онкологиялық диспансер жоқ. Көпсалалы ауруханада 50 төсекке шақталған бөлімше бар. Оның өзі аурудың жеңіл сатысын емдеуге ғана қауқарлы. Сондықтан дертке шалдыққан ағайын әлі күнге Қарағандыға сабылып жүр.
Еркебұлан Бейсенбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
-24-25 жылдары аралығында 200 адамдық онкологиялық диспансер құрылысы басталады деп жоспарланып отыр. барлық заманауи медициналық оборудованиелермен және толық штатпен қамтамасыз етілетін болады.
Өндіріс қалдықтары, Аралдан ұшқан тұз немесе қаланың іргесіне құлап жатқан зымыран. Қатерлі дерттің еселеп артуына осы факторлар себеп болуы мүмкін деген болжамдар айтылған. Бірақ арнайы құрылған комиссия зымыранның әсері жоқ дейді.
Рита Орынбасарова ҚР Экология министрлігінің өкілі:
-Сынамаларда қауіпті заттардың жоқтығы анықталды. Яғни барлық гиптил, кадмий, мыщяк нормадан асқан жоқ. Жергілікті халыққа алаңдауға еш негіз жоқ.
Топырақтан, ауа мен судан алынған сынамалар өндіріс қалдықтарының да әсерін жоққа шығарыпты. Тұрғындар тұтынатын тағамдар да таза екен. Осылайша комиссия қатерлі дерттің қайдан келгенін анықтап бере алмады. Ал жергілікті әкімдік арнайы қаржы бөліп қайта зерттеу жұмыстарын бастаған. Тым болмаса, экологиялық апат аймағына енсек дейді.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева