Абай облысы ауызсуға жарымай отыр
Абай облысы Аягөз ауданы Қопа ауылының тұрғындары ауызсуды 5 жылдан бері тағатсыздана күтіп жүр. Су жүйесінің құрылысы 2018 жылы басталғанымен, толық аяқталмаған. Ал жергілікті әкімдік өкілдері: «Жыл соңына дейін ауылға су беруді жоспарлап отырмыз», — дейді.
Мердігер компанияның 5 жыл бұрын мемлекет қаржысына сатып әкелген құбырларының қазіргі кейпі осындай. «Күнге тотығып, барлығы шіріп кеткен. Мүлде пайдалануға жарамайды», — дейді ауыл тұрғындары.
Талғат Төлеген, Қопа ауылының тұрғыны:
-5 жыл бойы салынған мемлекеттің қаражаты игерілген 200 млн теңге жердің астында керексіз болып жатыр. Іске жарамай қалды. 2022 жылы өзіміз арнайы экспертиза шақырып, тексеруге жіберу нәтижесінде бұл құбырлардың мүлдем жарамсыз екендігі анықталды. Қағаз қолымызда бар.
Аягөз ауданының Қопа секілді ауылдары ғана емес, қаланың өз басында да әлі күнге дейін колонкадан су ішіп отырған тұрғындар бар. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, шағын шаһардағы 50-ге жуық көшеге орталықтандырылған су тарту қажет.
Еркін Нарынбаев, қала тұрғыны:
-Отыз жыл болды көшіп келгеніме, 1994 жылдан бері су тасимын. Былтыр бастаған. Күзге қарай, қар жауды да кетіп қалды. Қазір Аягөз қаласындағы 17 көшеге ауызсу тарту жұмысы жүргізілуде. Бұған республикалық бюджеттен 1 миллиард 512 миллион теңге бөлініпті. Ал Қопа ауылына тіршілік көзі қашан келеді? Аудан әкімдігіндегілердің сөзіне сенсек, жобаға түзету енгізіліп жатыр.
Медет Тәтенов, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары:
-Шамамен жобада қалған қаражат 273 миллион. 2024 жылды қоса алғанда жоба құны 460 миллион теңгеге өседі есептеліп отыр. Өсетін қаражат облыстық бюджеттен беріледі.
Жергілікті шенділер жобаға түзету енгізіліп, сараптамадан сүрінбей өтсе, маусымда жұмысты бастап, жыл соңына дейін ауылға ауыз су береміз деп бекініп отыр.
Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов