Елімізде ауызсу жетпеген ауылдар көп
Қазақстанда қала халқының 98, ал ауыл тұрғындарының 94% таза ауызсумен қамтылған. Енді екі жарым жылда, яғни 2025 жылдың соңына дейін еліміздің барлық тұрғыны сапалы тіршілік нәріне қол жеткізуі керек. Тиісті тапсырманы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевқа берді. Қала халқын сапалы ауызсумен қамтуда қиындық жоқ, алайда ауылдарда біраз мәселе бар екенін айтты салалық ведомство басшысы. Бүгінде 432 ауылды сумен қамтамасыз ету керек. Соның ішінде 67 елді мекенде жобалық-сметалық құжаттамалар әлі жасалмаған. Тіпті кейбіреулерінде іздеу-барлау жұмыстары да жүргізілмеген.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Кей өңірлерде су тазарту құрылыстарын салу жұмыстары созылып кетті. Ақмола облысында бұл жұмыс 10 жылдан бері бітпей келеді. Іздестіру-барлау жұмыстары да уақытында басталған жоқ. Қарағанды облысында конкурстық рәсімдер енді ғана өткізіліп жатыр. Осы жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстары созылып кеткен барлық ауызсу жобаларын аяқталуын қамтамасыз ету керек.
Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бір айдың көлемінде қайта басталуы мүмкін. Бүгінде халықтан револьверлік жүйе арқылы 4 млрд теңге қайтқан. Енді жинақ сома 5 млрд теңгеге жеткен соң, несиелеу басталады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты. Алайда оның шарттары өзгертілуі мүмкін. Бүгінде халыққа 15 млн теңгеге дейінгі көліктер ұсынылып келсе, енді шекті соманы 10 млн теңгеге дейін азайту көзделген. Сала басшысы өзге де шарттарды атады.
Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
-10% дейін бастапқы ақша төлеу керек деген механизм қайтарамыз ба деп отырмыз. Белгілі бір жалақыны белгілейміз, сол жалақыдан жоғары болған, кім одан жоғары жалақы алатын болса, ол кісілер мысалы автонесиелендіруге қатыса алмайды.