Хабар телеарнасы

Павлодардың іргесіндегі 6 гектар жер өрттеніп кетті

Бастапқыда былтырдан қалған шөп жанып, сәлден соң «Яблонька» саяжай аумағы отқа оранды. Қатты желдің салдарынан 106 саяжай учаскесі жанып кеткен. Өртті сөндіруге 10-ға тарта арнайы техника мен 30-дан аса адам жұмылдырылды. Соңғы күндері аймақта өрт жиілеп кеткен. Әсіресе дала өрті дес бермей тұр. Күні кеше Ақсу қаласына қарасты Сынтас ауылдық округінде төрт жерден өрт шығып, Ертіс алқабындағы 47 гектарға жуық жер жанып кеткен.

Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында баспанаға мұқтаж азаматтар үшін 39 үй салынып жатыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы жобаны іске асыру үшін бір жарым млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Енді таяу уақытта құрылысы толық аяқталып, 78 отбасы баспаналы болмақ. Себебі бір үй екі әулетке арналған. Бүгінде Мәртөк ауданы бойынша 600-ге жуық адам үй, 2 мыңнан астам азамат жер кезегінде тұр.

Түркістан облысы Атакент ауылында бау-бақша дақылдары пісіп жатыр. Диқандар қияр мен қырыққабат дақылын сауда сөрелеріне жөнелтуде. Нарықтағы бағада өзгеріс байқала ма?

Жеңіс күні қарсаңында Ертіс өңірінің соғыс ардагерлеріне 2 млн теңгеден беріледі. Бүгінде аймақта Отан үшін отқа түсіп, ел қорғаған 12 ардагер бар. Жас сарбаздардың бастамасымен батырлардың аулаларында концерт ұйымдастырылады. Сонымен қатар өңірде сұрапыл соғыс жылдары тынымсыз еңбек еткен төрт мыңнан астам тыл ардагері тұрады. Олардың әрқайсысына 30 мың теңгеден бір реттік төлем қарастырылған. Мұндай әлеуметтік қолдау Ауған соғысының ардагерлері мен Чернобыль апатын жоюға қатысқан және Тәжік-ауған шекараларында борышын өтеген азаматтарға да көрсетіледі.