ШҚО бойынша ҰҚК департаменті «Ашық есік күнін» өткізді
Ұлттық қауіпсіздік саласында қызмет ету жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Сондықтан тек еңбекқор әрі өзіне сенімді адам ғана осы саптан өз орнын таба алады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мамандары мектеп оқушылары мен студенттерге ашық есік күнін өткізіп, осы қызметтің қыр-сыры жайлы айтып берді. Тіпті қолданатын қару-жарақ түрлерімен де таныстырды. Негізгі мақсат — жастардың қызығушылығын оятып қана қоймай, оларды отансүйгіштікке баулу.
Мына жерге болашақта Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз еткісі келетін білімді әрі өжет жастар жиналған. Олар мамандарға сұрақтарын қарша боратты. Бірін құпияға толы қызметтің қыр-сыры қызықтырса, екіншісі онда жұмыс істеу үшін қандай сатылардан өту керек деген сауалға жауап алды. Оңай емес екенін ұқты. Бірақ жастар «алдына биік мақсат қойып, соған талпынған адам кез келген қиындықты жеңеді» деген сенімде.
Алжан Қайыржанов, оқушы:
-Әр адам қалаған жеріне талпынса әрдайым түседі және жетеді, мақсат болу керек. Мемлекет болашағы үшін жұмыс атқарылады,қызметте жүресіз, баспана беріледі, айлығы бәрі жақсы болады.
Жеткіншектерді әсіресе ұлт қауіпсіздігін қорғап, тыныштығын сақтау мақсатында қолданылатын құралдар мен қару жарақтар қатты қызықтырды. Кәсіби қызметкерлер болса, оларға шеберлік сағатын өткізіп, білгендерімен бөлісті. Қарулардың түр-түрін қолмен ұстап, көзбен көру жастарға ерекше әсер қалдырды.
Дулат Сахариев, ҚР ҰҚК ШҚО Департаментінің қызметкері:
-Балалар өте қатты қызықты деп есептеймін, өйткені сұрақтары көп болды, барлық қойған сұрақтарына толық жауап беруге тырыстық, Алдағы уақытта ҰҚК органдарында қызметке түсіп, еліне қызмет етеді деген сенімдеміз.
Шара барысында жастарға қауіпті әрі қиын қызмет барысында жинақталған түрлі құжаттар мен деректер де көрсетілді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті ашық есік күндерін өткіруді дәстүрге айналдырған. Мақсат балалардың ынта-жігерін арттыру.
Авторлары: Эльмира Ахметова.Дмитрий Пыхтин