Түркістан облысында шыбын-шіркей қаптап кетті
Түркістан облысының Арыс, Отырар, Шардара аудандарында шіркей көбейіп кетті. Әсіресе Көксарай су қоймасы мен Сырдарияның жағасындағы елді мекен тұрғындары жәндікке таланып жатырмыз деп дабыл қағуда. Қанатты жәндіктер тіпті жаңа туған төлдерді шағып, ел өріске мал шығарудан қалғандарын айтады.
Көксарай ауылының тұрғындары 1 айдан бері шіркейден қорғану үшін мынадай тор бас киім киюге мәжбүр. «Сәуір басталғалы көрген күніміз осы»,- дейді зиянкестерден зәре-зап болған жұрт. Тіпті күндіз көшеге шығудан қалған. Шіркей тек адамдарға ғана емес, үй жануарларына да орасан зиян келтіріп жатқан көрінеді.
Жанат Нәденова, Көксарай ауылының тұрғыны:
- Сиыр сауып болғанша кәдімгі шиқан боламыз қып-қызыл. Далаға обшым шығу жоқ қазір. Кішкентай немерелерімізге есікті құлыптап отыратын болдық.
Шіркейге таланған тұрғындар бала-шағаларымен аурухана жағалап жүр. Себебі шаққан жерлері жара болып кеткен. Өңір халқы осыдан енді шіліңгір шілдеге дейін азапты күндерді кешетіндерін айтады. Ал жауаптылар болса зиянкестерге қарсы күрес бір аптаға кешеуілдегенін мойындады.
Нұрсұлтан Жарасов, Отырар аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Отырар ауданында алдын ала белгіленген 8 елді мекенде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Оған қосымша тағы 5 ауыл округі белгіленіп, сәуір айының аяғына дейін залалсыздандыру жүргізіледі.
Ермен Қайрат, мердігер мекеме директорының орынбасары:
- Осы 1 жұманың ішінде азаяды. Себебі біз 3 рет дәрілеп жатырмыз. Сырдарияның бойында шлюздерден су көп жіберіліп жатыр. Демек биологиялық дәріні 2-3 есе көп тастаймыз.
Шіркейлердің арасында жұқпалы ауру туғызатын түрлері де анықталған. Табиғат жанашырлары бұл мәселені арнайы зерттеп, біржола құтылу жолдарын таппасақ жыл сайын зиянкестермен күресуге қыруар қаржы жұмсауға тура келетінін айтады. Жалпы Түркістан облысында соңғы 10 жылда 1 млн-нан астам адам шыбын-шіркейден зардап шеккен.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш