Ақмола облысының тұрғындары ауызсуға жарымай отыр
Осыдан екі жыл бұрын елді мекенге су құбырын жүргізу басталып, құрылыс жұмыстары аяқсыз қалған. Жергілікті шенеуніктер болса, бұған жауапсыз мердігерлерді кінәлайды. Қазір ауыл іші қазылған күйі жатыр. Мәселе қашан шешілмек?
Екі жыл бұрын ауылда су тарту жұмыстары басталғанда жергілікті тұрғындар бөркін аспанға лақтыра қуанған. Бірақ қуаныштары көпке созылмады. Жұмыстың 40% ғана орындаған мердігерлер барлық техникасын жинап кетіп қалған. Қазір бүтін бір ауыл жалғыз құдықтан су ішіп, жан бағып отыр.
Қайырбек Сұлтанғазин, Үлгі ауылының тұрғыны:
- Ауылда бір ғана құдық бар. Сол құдықтан халық су ішіп жатырмыз. Былтыр екі жыл засуха болды ғой. Сол кезде су мүлдем кетіп қалады. Сол кезде кімнің үйінде скважина бар. Сол үйден ақшасына болсын, былай су аламыз.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Үлгі ауылындағы қазіргі көрініс осындай. Мердігер компания бастаған істі аяқсыз қалдырған. Ал су құбырын тартамыз деп қазылған үңгілерден құлап өлген малдың өлекселерін де көруге болады.
Үлгі ауылындағы су тарту жұмыстарына республикалық қазынадан қомақты қаржы бөлінген. Жоба құны - 551 млн теңге. Жауапсыз мердігерлер соның 200 млн теңгеден астамын игеріп, кетіп қалған. Қазіргі уақытта қос тарап соттасып жатыр.
Бақтияр Мұстафин, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Алғашқы сот отырысында біздің арызымыз қайтарылып жіберді. Себебі біз жұмыс тоқтаған 30 күн ішінде жүгінуіміз қажет болған. Қазіргі уақытта сотқа қайта арыз жібердік. Сондай-ақ жобаны қарастырып жатырмыз.
Жалпы облыс бойынша осындай жосықсыз үш мердігер ұйым анықталған. Үлгідегі суға жауапты компанияның өзі аймақтан бірнеше жобаны ұтып алғаны белгілі болды.
Самира Тәйтенова «Әділдік жолы» РҚБ облыстық филиалының сарапшысы:
- Одан бөлек сол мердігерде Ақмола облысының Ерейментау мен Есіл аудандарындағы ауылдарда су құбырын жөндеу жұмыстары бар. Өкінішке орай, соңғы 3 жылда 10-ға жуық жобаның 50% ғана орындалып, толық жүзеге асырылған жоқ.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 30-ға жуық ауылға ауызсу тартылып жатыр. Бірақ жауапсыз мердігер салдарынан соның алтауында жұмыс тоқтап тұр. Ал кей жоба бағаның өсуіне байланысты қайта қарастырылып жатыр.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкарко