Қарағандыдағы зауыттан шыққан шаң-тозаң халықты әбден әбігерге салған
Қарағанды қаласының тұрғындары аулаға жақын орналасқан бетон қоспасын дайындайтын кәсіпорынның жұмысына шағымданып отыр. Сөздерінше, жел тұрса болды маңай шаң болып кетеді. Салдарынан желдеткішті ашу былай тұрсын, балалардың аулада ойнауы мұңға айналған. Зауыт күніне 10-нан 50 текше метр сұйытылған цемент дайындайды. Қазір кәсіпорын маңында 4 бірдей 5 қабатты үй бар. Зауыттан шыққан шаң-тозаң қараша халықты әбден әбігерге салған.
Бақытгүл Қалекина, қала тұрғыны:
- Бұл зауытты осы жерден алып тастаған дұрыс. Енді бұрында болды ғой, ол кезде мұнда тұрғын үйлер болған жоқ. Сондықтан жұмысын атқарып тұрды. Ал енді осында ТК салынғаннан кейін халық тұратын жерде осындау зауыттың шаң-тозаң жіберіп тұруы дұрыс емес деп ойлаймын.
Аршак Казарян, компания өкілі:
- Біз зауытты басқа жерге көшірейік деп отырмыз. Былтыр жоспарлағанбыз, бірақ орайы келмеді. Енді қазір басқа орын дайындап қойдық. Онда қалған цемент бар, соны пайдаға асырамыз. Ол үшін 4-5 күн уақыт керек.