Биыл күн жылынғалы 120-дан астам табиғи өрт болған
Жалпы елімізде жыл сайын 1 мыңға жуық орман және дала өрті тіркеледі екен. Биыл күн жылынғалы 120-дан астам табиғи өрт болған. Оның көбіне адами фактор себеп. Қазір шекара маңындағы жағдай жіті бақылауда. Көрші Ресейде 7 мамырда басталған орман өрті әлі сөндірілген жоқ. Қажеттілік туындаса Қазақстаннан 200-ден астам өрт сөндіруші мен 46 техника аттануға дайын. Ел ішінде де өрттің қауіпті кезеңіне дайындық басталып кетті. Құрғақ шөп пен қамыс лап ете қалатын ыстық күндер әлі алда. Өңірлер тілсіз жаумен күресуге дайын ба?
Қазгидрометтің болжамы бойынша биылғы жаз ыстық әрі құрғақ болады. Әсіресе еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде өрт қаупі күшеюі мүмкін. Бүгінде өңірлер алдын алу шараларын қолға алды. Бірақ жоспарланған жұмыс 70% ғана орындалыпты.
Ибрагим Күлшімбаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары:
-Температура орташа алғанда +25 градус. Республиканың оңтүстік, шығыс, батыс бөлігінде +30 градусқа дейін жоғарылайтыны болжанады. Бұл орман қорында өрт қауіпін арттырады. Қазір өңірлердің орман шаруашылығы мекемелерінің толық әзірлігі туралы айта алмаймыз.
Маманның меңзеп тұрғаны — материалдық жағдай. Орман шаруашылықтарындағы техникалардың 55% тозған. Тағы бір мәселе өрттердің 60% адам факторынан орын алады. Осыған байланысты түсіндіру, үгіт-насихат жұмысын күшейту жоспарда. Сондай-ақ алдын ала анықтау жүйелерін қолданысқа енгізу қажеттігі айтылды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
- Мәселен, «Бурабай» ұлттық табиғи паркінің аумағында енгізілген смарт-жүйенің арқасында былтыр өрт оқиғасы айтарлықтай азайды. Мұндай тәжірибені басқа да табиғи парктер мен қорықтарда пайдалану керек.
Жүйенің тиімділігі мамандар арнайы камералар арқылы 129 мың гектар жасыл желекті алақандағыдай көріп отырады. Өрт тұтана қалса монитордан оның қай алқапта екені анықталып ең жақын орналасқан өрт сөндірушілерге хабарланады. Шамамен 10 минут көлемінде өртті ауыздықтау жұмыстары басталады.
Үкіметтегі жиында орман алқаптарының маңында жол жиектерін жырту және су көздерін дайындауы мәселелері де пысықталып өңір әкімдеріне тапсырмалар берілді.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Дәурен Жұрқабаев