Хабар телеарнасы

ШҚО-да 8 ауылға газ тартылады

Зайсан ауданында тендерге таласқан екі компанияның кесірінен көгілдір отынсыз қалған сегіз ауыл келесі жылы газбен қамтылады. Мердігер мекемелер арасындағы сот ісі аяқталып, биыл жұмыс басталмақ. Енді тұрғындар тек тағы бір былық шығып, іргедегі игіліктен қол үзіп қалмасақ екен деп алаңдаулы. 

Бұл Зайсан ауданындағы Жарсу ауылы. Іргесіне дейін газ құбыры келіп тұр. «Бірақ қол созым жерде тұрған көгілдір отынның рахатын көре алмай-ақ келеміз», — дейді Нағимаш Көшкінбаева. «Міне тартылады» деп үміттене бастағанда құрылысты жүргізетін компаниялар соттасты деп естіпті. Содан бері әлі де тезек жағып, күлмен алысып келеді.

Нағимаш Көшкінбаева, ауыл тұрғыны:  
-Кеңсай ауылында бар, тартылған Енді Қарабұлақтан бері қарай бізге тарту керек еді, соған неше жыл зарлап келеміз қиын, қимен күн көріп, газ әлі жоқ, тартылған жоқ.

Көгілдір отын келсе мұндағы жұрттың иығынан бір жүк түскендей болар еді. Өйткені көмірдің бағасы удай. Қысы қатты болғандықтан, шақ келмей, қалтаны қағады.

Төлеубек Қонжанов, ауыл тұрғыны:
-Көмір іргемізде тұр, соның өзінде қазір 25-30 мың кетті. Мысалы, мен жылына 10 тонна көмір аламын, 10 тонна қайда кетті сонда 250-300 мыңға кетіп қалады, сосын зейнетақымызды сол көмірге береміз бе, жоқ әлде тамағымыз бар, киіміміз бар, бала шағамыз бар деген сияқты.

2019 жылы осы 8 елді мекенге 96 шақырымдық көгілдір отын желісін тарту жобасы әзірленген. Өткен жылдың ақпанында жеңімпаз мердігер компания анықталды. Алайда конкурсқа қатысқан екінші компания, байқау шешіміне  қарсылық танытып, сотқа жүгінеді. Шаруа орта жолдан тоқтап қалады. Әйтуір бір жарым жылға жуықтап барып бұл дау аяқталыпты. Енді жұмыс қайта жалғасады дейді, салалық мамандар.

Қуаныш Тұрсынханов, Зайсан аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:  
-Нәтижесінде қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр мердігер компаниямен жобаның құнын қайта есептеу бойынша, сол ары қарай есептелгеннен кейін құрылыс жұмыстары ары қарай жалғасады.

Сөйтіп Сартерек, Саржыра, Бақасу, Жарсу, Біржан Қуаныш, Көкжыра, Дайыр ауылдары келесі жылы иек астындағы игілікке қол жеткізуі мүмкін. Тұрғындардың айтуынша, мұндағы елді мекендерді газбен қамтудың әлеуметтік те, әлеуеттік те маңызы зор. Егер көгілдір отын желісі аймаққа толық тартылса, қалаға бет түзеген көш тоқтап, шекара түбіндегі ауыл-аймақ босамас еді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов