Павлодардағы ауруханалар белшеден қарыз
Бұған медициналық ұйымдардың толық қаржыландырылмауы себеп. Сенатор Ернұр Әйткенов аталған мәселені өзінің депутаттық сауалында көтерді. Оның айтуынша, 2023 жылғы бюджетті талдау барысында медицина ұйымдарына бөлінген қаражаттың жалақыдан артылмайтыны анықталған. Ал коммуналдық төлемдер, байланыс қызметтері мен басқа да шығындарды төлеу қиынға соғып отыр. Осылайша емдеу мекемелері қаржы тапшылығына тап болды. Салдарынан дәрігерлер кейде жоспарлы ем алуы тиіс пациенттерді ауруханаға жатқызудан да бас тартуға мәжбүр. Себебі оған ақша жоқ. Ал мұның арты жақсылыққа апармайды.
Ернұр Әйткенов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі 2,8 млрд теңгеден асып кеткен. Бірақ содан бері олар міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан аванс алу арқылы қарыздың аздаған бөлігін ғана жаба алды. Осыған орай Денсаулық сақтау министріне жыл сайынғы жалақының өсуін, коммуналдық төлемдердің, азық-түліктің, дәрі-дәрмектің, басқа да қызметтердің инфляциясын ескере отырып, тарифтерді қайта қарауды ұсынамын.
Осыған ұқсас мәселе Қызылорда облысында да бар. Әсіресе Арал ауданында жағдай мәз емес. Заңға сәйкес Үкімет экологиялық апат аймағындағы медициналық мекемелерді ұстауға қаражат бөлуді ұлғайтуға міндетті. Экологиялық апат аймағында бұл көрсеткіш 1,5 есе, ал экологиялық дағдарыс аймағындағы бір тұрғынға 1,3 есе жоғары болуы керек. Алайда облыста медициналық қызметке ақы төлеу тарифтерінде бұл бап дұрыс қолданылмай келеді. Ал 2022 жылдың соңында ол көрсеткіш тіпті төмендеп кеткен. Осылай деген Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгіновке сауал жолдап, экологиялық коэффициентті қалыпқа келтіруін қарастыруды сұрады.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Белгісіз себептермен экологиялық коэффициент Арал, Қармақшы және Жаңақорған аудандарында заңда көрсетілген қаржы бөлу нормаларынан төмен бекітіліп отыр. Нәтижесінде жоғарыда аталған аудандар бюджетіне 1 млрд көлемінде қаражат кем түсіп отыр. Тиісті министрлікке жолданған сұрау хатқа нақты жауап болмай отыр.