Хабар телеарнасы

Құрылыс нарығындағы ахуал қандай?

Дағдарыстың алдын алмасақ, салдары қиын болады. Құрылысшылар одағының өкілдері өз салаларындағы қордаланған, күрмеуі қиын мәселелерге назар аударуды сұрап отыр. «Егер дер кезінде нақты шешімдер қабылданбаса, отандық өнім өндірісі мен еңбек нарығы үлкен соққы алады», — дейді. Қазірдің өзінде кей компаниялар банкрот бола бастаған. Құрылыстың құлдырап бара жатқаны рас па? Жауапты министрліктегілер не дейді? Сарапшылардың болжамы қандай?

Алдымен жаңа облыстан бастайық. Семейде алғашында құрылыс қарқын алғанымен қазіргі таңда жеке компаниялар пәтерлерін сата алмай отырған көрінеді. Мәселен Елдар Тоқтаровтың жетекшілігінде салынған көпқабатты екі үй қаңырап бос тұр.

Елдар Тоқтаров, мердігер компания директоры:
-Облысқа былтыр осындай 2 үй салғанбыз. Үй сатылмай жатыр. Халық алғылары келеді. Вкладчиктарға, бригадаларға әрі қарай жұмыс болмай тұр.

Ал Құрылысшылар одағының өкілі 2020 жылдары тұрғын үй бойынша инвестиция көп болғанын айтады. Қазір бәрі тоқтаған. Дағдарыстың туындауы да содан.

Талған Нұралимов, Абай облысы «Қазақстан Құрылысшылар одағы» филлиалының төрағасы:
-Біз тұрғын үйлерге сұранысты жоғалттық. Қазіргі таңда әлі соғылып бітпеген үйлер бар. Шығын көбейді. Өндіріс те азайды. Компаниялар банкрот болуы мүмкін. Оған жеткізбеуіміз керек. Тиімді шешімдер қабылдану қажет.

Қазіргі таңда елімізде 6500-дай нысан соғылып жатыр. Олардың жартысынан астамы — жекеменшік. Алайда 325 жоба тоқтатылған. Басым бөлігіне қаржыландырудың болмауы себеп.

Сарапшылардың айтуынша тұрғын үйді сатып алу көрсеткіштері де төмендеген. Елімізде қазір 4,5 млн адам баспанасыз. Биыл жыл басынан бері 73 мың ғана пәтер алу мәмілесі жасалған. Өйткені қазіргі баспана бағдарламалары ескірген. Бұл — Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевтің пікірі.

Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- 2017-2018 жылдары қабылданған. Мерзімі 5-6 жылдан асты. Ескірді, тиімсіз. Жас отбасы бағдарламасы ақша қарастырылмаған деп келді. Алдағы уақытта дәл осы нәрсені енгізу керек. Халықтың табысын арттыру жұмыстары да Үкіметпен қатар жүру керек.

Құрылыстың азаюы осы салаға өнім өндірушілерді де алаңдатып отыр.

Дәурен Ағзымов, «Qazaq Stone «Қазақстанның тас өңдеу саласының одағы» ЗТБ төрағасы:
-Пәтер алу үшін төменгі пайыз кредит керек. Кредит алса, құрылыс компания үй салады. Үй салса, біздің өнімді алады. Біз жұмысшыларды жұмысқа аламыз. Көрдіңіз ба қандай тізбек болды. Ал егер бағдарлама болмаса, біз не боламыз?

Ал тиісті министрлік құрылыс бойынша бюджеттен қаражат бөлініп жатқанын айтады. Ағымдағы жылы 303 жобаны іске асыруға 105 млрд теңге берілген.

Меруерт Молшина, ҚР ИИДМ тұрғын үй құрылысы және жаңа құрылысқа ИКИ дамыту басқармасының басшысы:
-2023 жылы барлық қаржыландыру көздері есебінен 15,3 млн.шаршы метр немесе 143,5 мың тұрғын үй салу жоспарланған. Республика бойынша барлығы 36 595 тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес республика бойынша 77,5 млн. шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған.

Министрлік баспана алу бойынша мемлекеттік бағдарламалардың да жұмыс істеп тұрғанын жеткізеді. Алайда жаңа бағдарламалар енгізу жайлы ақпарат ала алмадық. Ал сарапшылар болса дағдарыстың салдарын болдырмау үшін тиімді ипотекалық бағдарламаларды жасауды, саланы дамыту стратегиясын әзірлеуді, инженерлік инфрақұрылымға қаражат құюды ұсынып отыр. Қазір көңіл бөлінбесе құрылысшылар 50% дейін қысқартылып, өндіріс көлемі 65% төмендеуі мүмкін деген болжам бар.

Авторлары: Нұрлан Әбідкәрім, Нұрлан Малгельдинов