Хабар телеарнасы

Астанада жастар тәжірибесіне 700 адам қабылданады

Дипломын қолына алып, бірақ мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген түлектерге құлаққағыс ақпарат. Астана қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» жастар тәжірибесі бойынша 700  бос орын барын жариялады. Келісім бойынша әр үміткер 1 жыл мемлекеттік мекемеде жұмыс істей алады. Осы уақыт аралығында білім-біліктілігін көрсете алса, мансабын жалғастырып, мемлекеттік қызметкер атануға толық мүмкіндік бар. Қайда барып, кімнен жұмыс сұраса болады? 

Астанада қазірдің өзінде жастар тәжірибесі бойынша жұмысқа қабылдау жүргізілуде. Бұл мүмкіндікті пайдаланғандардың бірі Дәуіржан Жантөре. Оның негізгі міндеті қаладағы тұрғын үй, кәсіпкерлік және әкімшілік нысандардың құжатқа сәйкестігін тексеру. Ол былтыр дипломын алған соң біраз мекеменің табалдырығын тоздырыпты.

Дәуіржан Жантөре, «Жастар тәжірибесі» жобасының қатысушысы: 
- Менде жоғарғы оқу орнын бітірген соң тәжірибе болған жоқ. Жастар практикасына келген кезде Сарыарқа әкімдігіне бұның бәрі жойылды. Жастар практикасы біздің қоғамда үлкен орын алады. Болашақта қаламын десем, специалист ретінде қалуға толық мүмкіндігім бар. Басқа жерге барсам да дайын маман болып шығамын.

Айта кетейік былтыр жастар тәжірибесіне қатысушылар қатарынан 108 адам тұрақты жұмысқа орналасыпты. Елордада адам қат болып тұрған тағы бір бағыт — қоғамдық жұмыс. Дінмұхаммед Абдуллаев өткен айда сол бойынша қызметке қабылданыпты. Қазір монитордан қаладағы қауіпсіздікті қадағалауға жауапты.

Дінмұхаммед Абдуллаев, оператор: 
- Мысалы, өрт болса біреу арақ ішіп, неғылса бұзақылықты басшыға айтамыз. Скорый, пожарный, бәрі келеді. Оған дейін біздер қарап отырамыз.

Осы және басқа да қызметті атқару үшін қазір Астанада 400 адам қажет екен. Үміткерлерге қойылатын талап пен өзге де сұрақтар бойынша Астана қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығына» хабарласуға болады.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Тайыр Мерекенов