Ақтөбеде экологиялық жағдай күрделеніп барады
Ақтөбеліктер ала жаздай кәріз жүйесінен шыққан жағымсыз иіспен демалады, демалуға мәжбүр. Бұған өндіріс ошақтарынан шығатын қалдық қосылғанда жағдай тіпті қиындайды. Облыс орталығы болса да кәріз желілерінің 80% тозып кеткен. Ақтөбеге 1 жылға жуық уақыт бұрын әкім болып барған Ералы Тоғжанов мәселені әзірге біржақты қыла алмай отырғанға ұқсайды. Неге десеңіз, бұл проблема енді Парламент қабырғасында көтеріліп жатыр.
Соңғы жылдары жаз шықса болды, Ақтөбеде жағымсыз иіс қолқаны қабады. Мамандар мұны қаладағы кәріз жүйелері мен кәріз сорғылау ғимаратындағы қондырғылардың ескіргендігімен байланыстырады. Тозығы жеткен құрылғылар өз қызметін тиісті деңгейде атқармайды. Ал оны жаңарту үшін қыруар қаржы керек.
Бауыржан Қаниев, Қр Парламенті Сенатының депутаты:
- Мәселенің аса маңызды екенін ескере отырып, Үкімет тарапынан келесі іс-шараларды қабылдауды сұраймыз. Атмосфералық ауаны ластаудың шекті жолы берілетін концентрация деңгейіне сәйкестендіру үшін қалалық кәріз жүйелерінде катализаторларды белсенді қолдануды қамтамасыз ету, республикалық бюджеттен қаржыландыра отырып, жедел түрде жаңа кәріз тазарту ғимараттарын салуды қолға алу.
Жергілікті коммуналдық кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, қазір тиісті экономикалық негіздемесі сараптамадан өтіп жатыр. Жоба құны шамамен 70 млрд теңгені құраған. Оны қаржыландыруға еуропалық даму және қайта құру банкі бөлген инвестиция тартылмақ.
Болат Қуанышев, коммуналдық кәсіпорынның бөлім басшысы:
- Кәріз сорғылау ғимараттары ағынды суларды қабылдап тазартуға бүгінгі күні қуаты жетіп тұр. Бірақ су тасқыны кезінде оның жұмысы әлдеқайда артады және тазарту ісі тиісті талапқа сәйкес келмейді. Яғнии бетонды және металды құрылғылары бұзылған.
Ауаның ластануына ірі өндіріс орындарынан шыққан зиянды қалдықтар да әсер етіп отыр. Елек өзенінен алынған сынамадан хром мөлшерінің шамадан артық екендігі анықталған. Қоғам белсендісі Александр Мандрыкин: «Қоршаған ортаға төнген қауіпті сейілту үшін жүйелі жұмыс жүргізілу қажет», - дейді.
Александр Мандрыкин, қоғамдық қор жетекшісі:
- Бұл ретте ғылымға жүгінген дұрыс. Нақты айтқанда техникалық талқылау орталығын құру керек. Онда қалаға қажетті әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларды қарап, шешім шығару қажет деп ойлаймын. Бұл әлемдік тәжірибе.
Облыста экологиялық мәселелерді шешу мақсатында арнайы жол картасы әзірленді.
Меруерт Сейітжапарова, облыстық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы:
- Бұл жол картасы 33 іс-шараны қарастырады. Оның ішінде ауа мәселесі, жер ресурстар, су ресурстары және басқа да тұрмыстық қатты қалдықтар мәселесі де қамтылған.
Жол картасы келер жылдың соңына дейінгі мерзімді қамтиды. Мамандар оның аясында атқарылған жұмыс нәтижесі жария етілетінін айтады.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Наталья Салькова, Болатбек Молдағалиев