Мемлекеттік кірістер комитеті 3 мыңнан астам кәсіпкерге айыппұл салды
Шағын және орта бизнестің шырылдайтындай жөні бар. Елімізде 3 мыңнан астам кәсіпкерге Мемлекеттік кірістер комитеті 5-7 млн теңгеге дейін айыппұл салыпты. Себебі жеке кәсіпкерлер 2021 жылы қаражат айналымын 60 млн теңгеден асырып жіберген. Сөйте тұра тиісті салығын уақтылы төлемепті. Бұл деректер жуырда ғана белгілі болған. Заңды тұлғалар: «біз шектеу барынан бейхабар болдық», деп ақталуда. Мәселені шешу жолы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында талқыланды. Жиналғандар дәл қазір қомақты айыппұлды төлеуге қауқарсыз екендерін алға тартады. «Егер өтейтін болсақ, бизнесімізден айырыламыз», - дейді.
Тимур Жәркенов, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары:
– Қиын жағдайға тап болып отырған кәсіпкерлердің 60%-ға жуығы қоғамдық тамақтандыру, 40%-ы сауда орындары екен. Қазақстанда қосымша құн салығы бойынша шек өте төмен. Қазіргі жағдай соны көрсетіп отыр. Бұл мәселеге әртүрлі көзқарастар бар. Енді жауапты органдармен бірлесіп тығырықтан шығу жолын іздестіру керек.