Екібастұз қаласының тұрғыны «Екібастұзжылуэнергоны» сотта жеңіп шықты
Фемида өкілдері жауап беруші тарапты жарты миллион теңгеге жуық қаржыны төлеуге міндеттеді. Мұндай жағдайға жылу орталығындағы коммуналдық апат - себеп. Естеріңізде болса, өткен қыста кеншілер қаласының жартысына жуығы жылусыз қалып, төтенше жағдай режимі енгізілген еді. Жылу жүйесі қыстың соңына дейін ретке келтірілмеді. Жігер көшесінде тұратын азаматтың сотқа шағымдануына нақты осы жағдай түрткі болған. Ол коммуналдық апаттан зақымданған мүлкін қалпына келтіріп беруін сұрап, «Екібастұзжылуэнергоға» хат жолдапты. Бірақ жауап болмаған. Бүлінген мүлікті өз есебінен қалпына келтіруге мәжбүр болған азамат сотқа жүгінді. Талапкердің дәлелдері расталып, сот жауапкерден материалдық және моральдық залалды өндіріп алуға шешім қабылдады.
Агидель Ибраева, облыстық соттың баспасөз хатшысы:
- Сот отырысында өтініш берушінің талабы орындалып, ішінара қанағаттандырылды. Нәтижесінде 365 740 теңге мөлшерінде материалдық шығын өндірілді. Ал моральдық шығын сомасы 100 мың теңгеге төмендетілді. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.