Қостанай облысында ауызсуды жұртқа өлшеп таратып жатыр
Күн жылынғалы жұртшылық бау-бақшасын суғаруға тым көп су жұмсайтын болған. Сондықтан жеке сектор мен көпқабатты үй тұрғындарына су бірнеше сағатқа ғана қосылады. Облыстағы екі елді мекенде ауызсудың жетіспеуіне тағы бір себеп - аймақтағы құрылыс жұмыстарының қарқынды жүруі. Соңғы 3 жылда 11 көпқабатты үй мен 230 жеке тұрғын үй бой көтерді. Яғни мыңнан аса абонент қосылған. Салдарынан жаз мезгілінде ауызсу тапшылығы туындайтын болған. Мәселені шешу үшін облыс орталығынан елді мекендерге қосымша су құбыры жүргізіліп жатыр. Оған бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Жауаптылар құрылыс жұмыстары аяқталысымен су тарату кезіндегі шектеулер алынатынын айтты. Жергілікті шенеуніктер, аз қалды шыдаңдар деп басу айтып отыр.
Анар Қазыкенова, Қостанай ауданы әкімдігінің ресми өкілі:
- Мердігер компания есептеуіш құрылғыларды орнатып, құбырларды жуып дезинфекция жасауы керек. Жалпы құрылыс жұмыстары 1-маусымға дейін аяқталуы тиіс. Егер мердігер компания өз міндеттемелерін орындап үлгермесе, заң аясында жауапкершілікке тартылады.
Андрей Фищук, «Қостанай жылу энергетикалық компаниясы» МКК директорының орынбасары:
- Қазіргі уақытта су қоймасында 1 500 текше метр су бар. Біз қалай болғанда да кем дегенде 300-400 текше метр суды ұстап отыруымыз керек. Сондықтан тіршілік нәрін тарату кезінде осындай шектеулер қойып отырмыз.