Ордабасы ауданында павловния алқабы пайда болды
Түркістан облысының Ордабасы ауданында павловния алқабы пайда болды.
Жергілікті агрономдар Жапониядан жеткізілген жаңа сұрыпты жерсіндіріп, көшеттерін жүз гектар жерге екті. Оны өсіруге тамшылатып суару әдісін пайдаланған. Ылғалды жерде жылдам өсетін ағаш жылына төрт метр бойлап, үлкен жапырақ жаяды. Әрі 5-6 апта бойы гүлдеп, айналасына көрік сыйлайды. Ал жапырағы малға азық, діңі жиһаз бен музыкалық аспап жасауға таптырмас шикізат. Кәсіпкер іс бастауға 1,5 миллиард теңге жұмсады. Жергілікті билік ауылшаруашылығын қолдау мақсатында жер бөліп, қажетті инфрақұрылым жүйелерін тартуға көмектескен.
Әбдіхалық Исаев, шаруа қожалығының төрағасы:
- Мың түрлі сорты бар. Соның ішінде біздің Қазақстанға жарайтын 3-4 сорты. Мысалы, ол суыққа төзімді болуы керек. Біздің ыстығымызға төзімді болуы керек. Ауруға төзімді болуы керек. Және де өте жылдам өсуі керек. Сол сорттарды тауып, зерттеп, алып келіп, Қазақстанға ұсынып жатырмыз.