Ақтауда 800-ден аса көпқабатты үй жөндеуді қажет етеді
Теңіздің жағасында тұрған Ақтау тұрғындары шаһарымыздың келбеті бұзылып, ескіріп барады деп налиды. Қалада 2 мыңға жуық көпқабатты үй бар, соның 800-ден астамы әбден ескірген. Ширек ғасыр бұрын салынған баспаналар күрделі жөндеуді қажет етеді. Заңға сәйкес алдымен техникалық сараптама жасалуы керек. «Осы мақсатта биыл бюджеттен 20 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы тек 20 үйдің жай-күйін саралауға жетеді», - дейді мамандар. Алдағы уақытта мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп, мердігер мекеме анықталады. Одан кейін әр үйдің нақты қай тұсын жөндеу керек екені белгілі болмақ. Айта кетсек, жуырда 9 шағын ауданда кіреберіс маңдайшасы құлаған көпқабатты үйге техникалық сараптама жасалмағаны анықталды. Жөндеу кезінде опырылған бетон сынығы 1 адамды басып қалып, ол оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір жұмысшының аяғы сынған болатын.
Нұрадин Көшербаев, «Ақтау қалалық тұрғын үй инспекциясы» ММ басшысы:
- Зардап шеккен адамдар сол мекеменің жұмысшысы. Себебі олардың сол жұмысты жасауға құзыреттіліктері бар. Арғы жағында техникалық қауіпсіздікті сақтап-сақтамауын тиісті органдар анықтайды. Бұл үйге сараптама жасалмаған. Ал енді қызмет көрсететін пәтерлер кооперативі үйдің кіреберіс жағдайларын қарап, өздерінің жоспарлы жұмыстарын жасайды. Бұл жерде айта кететін жағдай қаражат толық тұрғындардың есебінен жүргізіледі.