Қытайдан велосипедпен шыққан қазақ бауырларымыз Алматыға жетті
Қос дөңгелекті көлікті тізгіндеген Думан мен Оразай қытайдың Санжы облысы, Шонжы ауданынан 30 сәуір күні жолға аттанған. 1670 шақырымды артта қалдырып, 26 күнде Алматыға жеткен. Атақоныс қазақ еліне саяхаттау идеясы 3 жыл бұрын туған. Бірақ оны жүзеге асырудың реті енді келіпті. Думан мен Оразай жүрген жолдарын, алған әсерлері мен қиындықтарын телефонға таспалап, әлеуметтік желіде жариялап отырады екен. Велосапар мақсаты – екі ел арасындағы мәдени, сауда-экономикалық байланысты дәріптеу. Бірнеше күн тыныққан жігіттер Астанаға аттанады. Шаһарды аралап көрмек. «Одан соң велосипедпен кері қайтамыз»,-дейді. Осылайша 3 айда велосаяхатшылар 6 мың шақырымды бағындармақ.
Думан Мәдетханұлы, саяхатшы:
- Қазақстанның өзінің жергілікті тұрғындарын тоқтатып, жол сұраған жағдай болды. Ол кісілер бізді тоқтатып, су беріп, біраз ақыл-кеңес беріп деген сияқты. Сондай бауырмал, қазаққа тән ақкөңілдігі, қонақжайлығы осы Қазақстанның елінде мәңгі бар екен. Осынау нәрсені көрген кезде жүрегім тебіренді.
Оразай Алтынбекұлы, саяхатшы:
- Мәдениеті орасан зор дамыған, басқа адамдарды сыйлауы, құрметтеуі, көмектесуі өте дамыған барлық жағынан. Табиғаты өте көркем, сулары мол, табиғаты адам көзі тоймайтындай өте көңілді, сондай өзі адам рахаттана алады екенсің.