«Семей орманы» табиғи резерватының басшылары сотталды
«Семей орманы» табиғи резерватының үш басшысы 10 жылдан жаза арқалады. Олар ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, кәсіпкерлерден 700 мың теңгеден 13 млн теңгеге дейін пара алып келген. Сондай-ақ резерваттың басшылары лауазымды тұлғаларға орман аумағында ағаш кесуге рұқсат беріп, мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарттарға кедергісіз қол қойған. Жалпы «қамқорлық» жасап, онысына тағы заңсыз сыйақы алып отырғаны да анықталды. Аталған іске қатысты 5 пара беруші 1,5 жылдан, 3 жарым жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Сот үкімін 29 мамыр күні Абай ауданы бойынша мамандандырылған ауданаралық соты жариялады. Енді сотталғандар өмiр бойы мемлекеттiк қызметте, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында, қаржы ұйымдарында және квазимемлекеттiк секторда қызмет атқара алмайды.
Ержан Әубәкіров, Абай облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
- Қылмыстық топ мүшелеріне пара берген кәсіпкерлер мен ағаш дайындаушылар да кінәлі деп танылды. Олар 1,5 жылдан, 3,5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.