Хабар телеарнасы

Жердің киігі елдің күйігіне айнала ма?

Киік қазаққа киелі жануар. Былтыр біраз айғай шу болып, киікті ел де, үкімет те қамқорлыққа алған. Ал биыл киіктердің көптігі мен шаруалардың жанайқайы таразының екі басына шықты.

Батыстағы Бөкей Орда ауданына қарайтын шаруалар депутаттарға арызданды. “Киіктің көптігінен жайылым жерсіз, шабындық шөпсіз қалдық” дейді. Австралия деген елді айтсақ, кенгру көз алдымызға келеді. Олар да кенгру қаптап кетті деп шулап жатады. Сол құрлыққа, сол кенгруді көруге миллиондап турист барады. Киікті Қазақстан бренді деп, «жез қанат, күміс бауыр» жануарды дәріптесек қайтеді? Жарнамаға тақырып жеткілікті. Әлем білетін Шыңғысханнан бастап, Жошыханмен жалғастырып, киелі домбырамызды қосып, «Ақсақ құлан» күйімен сабақтастырсақ қаптаған киікті көруге миллиондаған туристі қызықтыруға болар. Бұл енді Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованың құлағына алтын сырға. Ал әзірге қазіргі мәселе мәнісімен танысайық.

Қазақтар киіктің лағын құралай дейді. Жаңа туған кезінде ол өте дәрменсіз. Бірнеше сағат бойы қозғалмастан, көздері мөлтілдеп жатады. Ал аяқтанғасын жаяу қуғанға жеткізбейді.

Мамырдың басында киіктің текелері бөлек кетіп, ешкілері бір жерге жиналады. Бәрі бір мезгілде, шамамен бірер аптада төлдеп болады. Адамнан да аса үрікпейді. Бір-екі шақырымға аулақтау барып жайыла береді. Ал олардың жаңа қозғалған жерінде топырақ түстес лақтары толып жатыр.

Қуаныш Әбілханов, «Охотзоопром» РМКК қызметкері:

- Құралайдың салқыны дейді ғой. Олар төлдегенде шыбын-шіркей болмас үшін күн салқындау болады. Киіктер төлдеген кезде қасқыр, құстар етті жейтін, солар осы кезде төлдеп біткенше етке тәбеті болмайды дейді. Аңыз ретінде айтылған ғой. Бірақ шындығына келгенде де солай. Қасқыр жеп құс шұқып жатқанын көрген жоқпыз.

Киік – мамонтпен дәуірлес, табиғатпен әбден біте қайнасып кеткен жануар ғой. Киік төлдейтін жерге міндетті түрде жаңбыр жауады. Мұны жергілікті тұрғындар көтенжуар деп те атайды. Биыл да табиғат дағдысынан жаңылмады.

Әдетте киіктің лағын ұстап суретке түскенде, «ойбай, обал жасадың, ертең енесі жеріп, емізбей кетеді, лақ аштан өледі», - дейтіндер табылып жатады. Алайда осы киіктің басы-қасында жүрген мамандардың мәлімдеуінше, ол пікірлер орынсыз екен. Өйткені киік лағын ешқашан менікі-сенікі деп бөлмейді, бірінікін бірі емізе береді.

Биыл киіктер Жәнібек ауданының Жақсыбай, Борсы, Талов ауылдарында төлдеді. Мамандар бөкендерді былтыр құрылған резерват аумағына айдап көрген. Көнбепті. Ресей аумағы арқылы айналып өтіп, үйреншікті жеріне қайта келіпті. Келешекте киіктерді резерватқа шоғырландыру жоспарда бар.

Нұрлан Рақымжанов, БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы:

- Ол үшін тиісті қаржы бөлініп жатыр. Судың зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Су табылған жағдайда әртүрлі әдіспен құдықтар қазылады. Бірнеше жұмысты резерват атқарып жатыр. Аумағы үлкен – 657 мың гектар.  

Мамандар соңғы жылдары браконьерлік фактілері күрт азайғанын айтады. Оған заңнаманың қатайғаны әсер еткен. Әрі былтырдан бастап мүйізді шетелге заңсыз шығару жолдарына да тосқауыл қойылыпты. Нәтижесі жаман емес. Бүгінде кең далада киіктен көз сүрінеді. Бөкендердің көбеюі қуанышты жайт болғанымен, ауылшаруашылығына айтарлықтай зиян келтіріп отыр.

Мұрат Мұхамбетқалиев, Ақоба ауылының тұрғыны:

- Тек қана жеп қоймайды, жатқанда қазып-қазып үлкен шылапшын секілді ойып, салқынға жетіп жатады. Ал сол шұңқырға 4-5 жылға дейін шөп шықпайды. Болашақта осылай етіп көбейетін болса халыққа мал ұстау қиынға соғады. Көбі өліп жатыр, не аурудан өліп жатқанын ешкім білмейді. Бұның ешкім сүйегін жинамайды, неше түрлі ауру тарап жатыр.

Жәнібек ауданында кезінде егіс алқаптарының аумағы 200 мың гектар еді. Қазір мың гектарға да жетпейді. Себебі киік тыным бермейді. Қамыстылық Бейбіт Дауымов 200 гектар жерінің жан-жағына ор қазып, электробақташымен қоршапты.

Бейбіт Дауымов, диқан, Қамысты ауылының тұрғыны:

- Былтыр егіннен 4 центнер алдым. Жоспар бойынша 15 центнер алам ба дегем. Көбісін тапап кетті. Жейтінін жеді.

Сағынай Нұрмұханов, Талов ауылының тұрғыны, қожалық жетекшісі:

- Киік баяғысынша келіп, төлдеп кетіп жатыр. Киікшілер келеді, атуға болмайды, айдауға болмайды. Айтылады да жатады. Бірақ стратегиялық жағдай ойлағанда бір «бескормица» болса киік те өліп қалады, ауылдың малы да өліп қалады. 

Дәл қазір миллиондаған киік лақтарын өргізіп, жан-жаққа тарап жатыр. Шабындыққа шалғы түскенше, танаптардың тоз-тозын шығарар түрі бар. Киіктен зардап шегіп жатырмыз деп шаруалар шырылдағалы 4 жыл. Ешкім құлақ асар емес. Мал азығынан да көмек жоқ, жерлерін қоршауға да демеуқаржы қарастырылмаған, өтемақы да төленбейді.

Бауыржан Сабанов, киік мәселесіне қатысты жұмыс тобының мүшесі, қожалық жетекшісі:

- Негізгі ұсынысымыз – резерватты Үкімет қоршау керек. Қаражат болсын, инвестор болсын 600 мың гектар жерді қоршауға Үкіметтің жағдайы келеді деп есептейміз, біз мал азығымен көмектесейік киікке, керек болса. Сол жаққа қарай Үкімет сатып алсын, тапсырыс ретінде. Етін де пайдалануға болады, мүйізін де пайдалануға болады. Ол қазағымның қазынасы болғасын, бизнес-жоба ретінде ұйымдастырса, істеуге болады деп ойлаймын.

Киіктің еті мен мүйізін тиімді пайдалану дегенмен табиғат жанашырлары да келіседі. Батыс Қазақстан облысына арнайы барған халықаралық сарапшылар тобы бірауыздан осындай ұйғарымға келді. Германия, Швеция және британдық табиғат жанашырлары бірнеше күн аудандарды аралап, жануарларға енді қауіп жоқтығына көз жеткізген. Оралда өткен консультативті кеңесте олар киік санын реттеуге қатысты ойларын ортаға салды. Сарапшылардың пікірінше өнеркәсіптік аулау арқылы бөкеннің еті мен мүйізінен мемлекет экономикалық пайда көре алады. Бастысы олардың ареалы мен санын сақтау. Ал өңір үшін киіктің оптимальды саны қанша болуы тиіс дегенде пікір екіге жарылды. Жергілікті табиғат жанашырлары дала еркелерінің саны 500 мыңнан аспағаны жөн деп санайды. Еуропалықтардың пайымы басқаша.

Михель Штефан, халықаралық сарапшы, Герман табиғатты қорғау бірлестігінің өкілі:

- Мәселен Германияда жылына 1 млн 300 мың елікті атады. Біздегі еліктердің саны мұндағы киікпен бірдей. Бірақ Қазақстанның аумағы Германиядан 7 есе үлкен. Сіздерде дала кең. Сондықтан бөкеннің саны осынша болу керек деп айта алмаймын. Ал киіктен шаруалар зардап шегіп жатқанына келісемін. Киіктің еті мен мүйізінен түскен пайда арнайы қорға құйылып, ол қордан сол шаруалардың шығыны төленіп тұрса, олар мұнша ашынбас еді.

Ғалымдардың есебінше киік күніне 6 келідей шөп жейді. 80 түрлі өсімдікпен қоректенеді. Бір бөкенге 15 гектар керек. Қарапайым қисынға салғанда миллион киікке 15 млн гектар қажет деген сөз. Ондай бос жер өңірде жоқ. Сондықтан бөкен басын реттеу мәселесі күн тәртібінен түспесі түсінікті. Бұл ретте мамандар киікті қолда өсіруді ұсынады. Биыл Орал қаласының қасында ашылған тәлімбақта киіктерді асыраудың ғылыми негіздемесі әзірленбек. Бұған дейін Ұлытаудағы тәлімбақта ғылыми жұмыстар жүргізілген екен. Енді екі популяция қатар зерттелмек.

Мадияр Әлжаппар, киіктерге арналған тәлімбақ басшысы:

- Төлдерінде айырмашылық бар екен. Бетпақдала популяциясы бір келі-келі жарымға ауырлау болады және дене бітімі ірілеу келеді екен. Будандастыру жұмыстары жоспарда бар. Әрине екі популяциядан шыққан лақтары иммунитеті күшті, кейбір ауруларға төзімді болатыны сөзсіз.

Тәлімбақта киіктердің қоректенуінен бастап, олардың өсімі, түрлі инфекциялық аурулардың жұғуы зерттелмек. Сол ауруларға қарсы вакцина шығару да жоспарда. Болашақта осындай тәлімбақтарды, бөкенді қолда ұстайтын шаруашылықтарды көбейтсе киік санын реттеуде, өнімдерін өңдеп-өндіруде қиындық тумайды деп отыр мамандар.

Е.Жылқайдарұлы, Қ. Махмұдов, Э. Аюпов «7 күн», БҚО