Велосипедті мінетіндерден ұрлайтындар көп
Жыл басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел жағдайын жақсы білу үшін Әкімдер көліктен түсіп жаяу жүрсін деп тапсырма берген. Әкімдеріміз жаяу емес, велосипедпен жүрсе де көп дүниеге куә болар еді.
Ел Елордасына қарап өнеге алады, бой түзейді. Әкіміміз Жеңіс Қасымбек анда-санда велосипедке мінсе, басқа аймақ әкімдері де бірер сағатқа мерседестен великке ауысар ма деп қиялдаймыз. Сонда стандартқа сай дұрыс вележолақтар салынар еді. Бастысы велосипед ұрлығына тосқауыл қойылса дейміз.
Велосипед елі дегенде еске бірден Голландия түседі. Себебі, бұл елде адамнан велосипед саны көп. 17 млн халыққа 23 млн қос дөңгелекті көлік бар деседі. 35 мың шақырымнан асатын веложолақ төселген. Амстердамда тұратын қазақстандық Сая Досжанованы голландықтардың веломәдениеті тәнті еткен.
Сая Досжанова, Амстердам қаласының тұрғыны:
- Мұндағы веломәдениетке таңқалмасқа болмайды. Барлық жол қатысушысы бір-бірін сыйлайды. Қазақстандағы секілді веложолақпен жүретін жаяу адамды, не керісінше жаяу жүргіншілер жолында велосипед мінген адамды мүлдем кезікдестірмейсің. Сондықтан, өзіңді қауіпсіз сезінесің.
Біздегі веломәдениет туралы айтпас бұрын, әуелі автокөліктен велосипедке отыру идеясы қоғамнан қолдау таппағанын мойындау керек. Сондықтан болар, Нидерландыда қанша велосипед барын жатқа білеміз, ал біздегісі беймәлім. Астаналық кәсіпкер Динара Күдербаева бұл көлік түрін сатып алатын қазақстандықтардың барын айтады, бірақ аз. Бәлкім, бойдағы құлшынысты, баға да құртатын секілді.
Динара Күдербекова, кәсіпкер:
- Бәрі брендовый велосипед. Рамалары аллюминий, бағалары 145 мыңнан басталады. Осы дүкендегі ең қымбат велосипед 2 миллион 100 мың тұрады.
2 млн теңгеге велосипед алғанша, әрине көлік алған дұрыс деп санайды кез келген қазақстандық. Ал Астананың тұрғыны, урбанист Олжас Біләловтің ойынша, халықты велосипедке жаппай отырғызу үшін, жағдай жасау керек.
Олжас Біләлов, урбанист:
- Саябақтарда велосипед жолдары бар. Бірақ саябаққа да жетуім керек шығар? Ол үшін көлікке велосипедімді салып апару орынсыз емес пе?! Біздегі веложолдардың әу бастағы логикасы жоқ. Үзік-үзік, сапасы сын көтермейді. Қаланың күретамыры іспеттес Қабанбай батыр, Сығанақ сынды көшелер болса, тіпті жабдықталмаған. Білесіздер, бензин қымбаттап жатыр. Азаматтарымыз велосипедке отырса, экологияға аз да болса үлесімізді тигізер едік.
Елде веложол тапшы. Жалпы ұзындығы 500 шақырым десек, соның 80 шақырымы Астанада төселген. Құрылысы 6 жыл бұрын басталған бұл жолдарды, бас шаһардың өзінде 2023 жылға дейін 1700 шақырымға жеткіземіз деген. 2021 жылы тағы уәде етілген 87 шақырымның 7 шақырымы ғана салынды. Биыл тіпті түртілген жоқ, тоқтап тұр.
Қыдыр Жиенәлі, қала әкімдігінің Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының қызметкері:
- 2021 жылы 7,5 км веложолдың құрылысы басталды. Ол мынау Құдайбердіұлы, Мүсірепов, Қошқарбаев көшелерінің қиылысындағы веложолдар. Қазіргі уақытта қаражаттың бөлінбеуіне байланысты құрылыс жұмыстары аяқталмай, уақытша тоқтап тұр.
Веломәденитті айттық, веложолақты айттық, енді велоұрлықшылар жайында.
Иә, Астанада велосипед ұрлығы ушығып тұр. Жыл басынан бері құны 3 млн болатын 140-тан астам велосипед қолды болған. 62 іс ашылып, көліктер иесіне қайтарылды.
Надежда Зайцева, қала тұрғыны:
- Мен жұмыста болғанда, ұрлықшы велосипедімді қарауылдаған. 2 минуттың ішінде құлыпты кілтпен ашып, жан-жағындағыларға еш сыр бермей, айдап кетті. Абырой болғанда, полиция камералардың көмегімен анықтап, бір тәулікте тауып берді. Сол арада ұры велосипедімді сатып жіберіпті. Жаңа қожайыны қайтарып бергісі келмеді. Бірақ амалы жоқ, қайтарып берді.
Жоғалтып, қайта қауышқан көлігі енді қолды болмас үшін, Надежда GPS-трекер орнату ойында бар. Сескенгеннен, тіпті ауладан тұрғын үйінің кіреберісіне кіргізіп, бір емес, екі құлыпты қатар байлайтын болған. Бірақ бұл ұрылар үшін тоқтау емес дейді тәртіп сақшылары.
Самғат Тынышев, қалалық ПД криминалдық ПБ-ның аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры:
- Біздің тұрғындар қолданатын құлыптар ұры үшін уақытша ғана кедергі. Себебі олар арнайы темір кесетін қайшылармен, тістеуіктермен өз дегеніне жетеді. Яғни босатып, ұрлап әкете береді.
Жыл басынан бері ұрланған 140-тан астам велосипедтің жартысы әлі табылмаған. Процесті жеделдету үшін полиция департаменті велосипедтерді тіркеуді қолға алды.
Виталий Пустовойтенко, қалалық «Тұрақты даму орталығы» ЖШС директорының орынбасары:
- Азамат өзінің велосипедінің нөмірін, айрықша белгілерін, суретін «SMART-ASTANA» немесе «E-KNOT» деген платформаға жүктесе жеткілікті. Кейін ұрлап кеткен жағдайда, бағдарлама арқылы полицейлерге бірден ақпарат беруге болады. Бұл жұмысты едәуір жеңілдетіп, ұрыны ұстауға мүмкіндік береді.
Самғат Тынышев, қалалық ПД криминалдық ПБ-ның аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры:
- Дереу оқиға орнына баратын полиция қызметкері және патрульдік полиция қызметкерлері осы ұрланған мүліктің арнайы белгілері арқылы жұмыс жасай бастайды. Яғни қызыл түсті велосипед ұрланған жағдайда, сол ұрлық болған аудандағы қызыл түсті велосипедтерді тоқтатудан бастап, жұмыс әрі қарай жалғаса береді.
Ұқсас тәжірибе Англияда да қолданылады. 100 мыңнан аса велосипед тіркеуден өтіп, ұрлық саны едәуір азайған көрінеді.
Ал елімізде тіркеу басталған 2 аптада 200-дей адам екі дөңгелекті көлігін тіркеген.
Динара Күдербекова, кәсіпкер:
- Мынаның салмағы енді 3 кг біз өлшегенбіз. Бұны енді бір 5 минутқа қалдырсаңыздар да, ұрлайтын адам табылады.
Сонымен, біздің қоғамда веломәдениетті қалыптастыруға әлі біраз уақыт керек секілді. Әрине бұған барлық тарап мүдделі болуы керек.
Риат Шонм, Дана Әлиева, Аян Сәрсенбаев, Нұрлан Малгельдинов, «7 күн».