Ауылдардағы нысандардың сапасына ден қойылады
2027 жылға қарай қамтамасыз етілу деңгейі орташа ауылдар «деңгейі жоғары ауылдар» санатына жеткізіледі. Бұған Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген елді мекендерге арналған өңірлік санаттар жүйесі ықпал етпек. Құжатқа сай көрсеткіштер жаңаша есептеледі. Жалпы елде 2019 жылдан бері өңірлік стандарттар жүйесі жүзеге асып келеді. Алайда онда нысандар саны ғана ескеріліп, сапасы назардан тыс қалатын. Әлібек Қуантыров: «Жаңа жүйе өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жоспарлау кезінде пайдаланылады»,-дейді. Сондай-ақ министрлік жыл сайын минималды стандарттар тұрғысынан мониторинг жүргізіп, бақылап отыратынын ескертті.
Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- 2025 жылға дейін барлық өңірлерде сапалы мектептер салынады. Тұрғылықты халық санына байланысты 2 немесе 3 мектеп болуы мүмкін. Бұрын өңірлік стандарттар жүйесі бойынша Ақмола облысының Зеренді ауылында үш мектеп қолданысқа берілген. Оның екеуі күрделі жөндеуді қажет етеді. Енді салынатын білім ордаларының құрылысы сапалы болады.