Павлодар облысында 4 мыңға жуық азаматқа көші-қон квотасы бөлінді
Биыл Павлодар облысында 3 мың 773 азаматқа көші-қон квотасы бөлінді. Өңірге келіп, еңбек етуге ниеттілер қатары жыл сайын артып отыр. Мамандардың айтуынша, жұмыс күші мол оңтүстік аймақтардан солтүстік өңірлерге қоныс аударған азаматтар мен қандас мәртебесін алғандар үшін әлеуметтік, материалдық қолдау қарастырылған.
Жасұлан Шалабаев көршілес Омбы облысынан қоныс аударған. Өткен жылы көші-қон бағдарламасы бойынша Ақсу қаласына табан тірепті. Оның мамандығы – педагог. Мектепте ерекше балалармен жұмыс істейді.
Жасұлан Шалабаев, Ақсу қаласының тұрғыны:
- Қандас мәртебесін алғаннан кейін әлеуметтік қолдауға ие болдық. Мәселен, мемлекет пәтер жалдау құнын өтеп отырды. Бұл біз үшін зор қолдау. Сонымен қатар көтермеақы бөлінді. Тарихи отаныма оралғаныма қуаныштымы. Ақсуда туған-туысқандарым тұрады.
Ал Әбдірамановтар жанұясы өткен жылдың күзінде Қызылорда облысынан көшіп келген. Отағасы Айболат Әбдіраманов жергілікті зауытта электрик болып жұмыс істейді. Ал жолдасы Жанат декреттік демалыста. Биыл көші-қон бағдарламасы бойынша тұрғын үй сертификатын алып, бір ай бұрын пәтерлі болған.
Жанат Әбжаппарова, Ақсу қаласының тұрғыны:
- Жолдасым зауытқа кірді. Зауыттан жақсы айлық-табыс көріп отыр. Шүкір, өкінбейміз көшіп келгенімізге. Себебі де сол, біз жаспыз, көрейік деген сияқты. Бір Қызылорданың ішінен тұрып қалмай. Балаларымыз да кішкентай, балаларымыздың болашағын ойлап.
Әсемгүл Ермекова, Ақсу қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары:
- Бұл кісілерге әлеуметтік көмектер көрсетіледі. Ең бірінші, көшуге арналған шығындарды өтеу үшін 70 АЕК мөлшерінде субсидия бөлінеді. Сонымен қатар бір жыл ішінде тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметті төлеу шығындарын өтеу. Сонымен қатар биылғы жылдың наурызынан бастап үйді сатып алу үшін сертификаттар бөлінеді.
Ақсу өңірінде еңбек ресурстарының ұтқырлығын дамыту үшін 400-ге жуық квота бөлінген. Қалада білім беру, өндіріс, медицина салаларына білікті кадрлар тапшы. Квота аясында осы мамандықтарға басымдық берілмек. Жалпы Павлодар облысына қоныс аударуды ынталандыру мақсатында арнайы жол картасы әзірленген.
Авторлары: Ақмарал Есімханова және Жеңіс Темірболат