Кәсіпкерлер ШҚО-да істерін дөңгелетіп жатыр
Астанадан ауылға. Шығыс Қазақстан облысына өзге өңірден көшіп барып, ісін дөңгелетіп жатқандар көп. Солардың бірі — Сетербаевтар отбасы. Бас қаладан Ушанов ауылына бет бұрған оларды әуелде өлкедегі ара шаруашылығы қатты қызықтырыпты. Сондықтан ешбір ойланбастан қоныс аударып, кәсіптерін бастап кеткен. Қазір арнайы цех ашып, бал өнімінің түр-түрін жасайды.
Алмас Сетербаев «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасын ұтымды пайдалғандардың бірі. Былтыр жазда отбасымен Астанадан Өскеменнің шетіндегі Ушанов ауылына көшіп келді. Мақсаты өлкенің брендіне айналған бал өнімдерін шығарып, кәсібін дамыту. Омартасы бар. 700-ден астам ара ұясын ұстайды. Ал ауыл ішінен бал өнімін өңдейтін цех ашып қойды. Сусындар шығарады. Жалпы 20 шақты адамды жұмыспен қамтыды. Қазір кондитерлік крем өндіруге қамдануда. Одан соң да өнімдерін түрлендіре түспек.
Алмас Сетербаев, кәсіпкер:
-Бұл жақтың балының атағын ары қарата шығарсақ па, түпкі өнім жасасақ па деген оймен келгенбіз. Жылдың аяғына дейін жоспарымызда бар таза конфет шығарсақ па деп отырмыз. Ол конфетте осы жердің шөптерінен жемістерінен жасалған, басын бал қылып, қалған қоспаларын осы жердің жемістерін қоссақ па деген ойымыз бар.
Қоныс аударған бұл отбасына Үкімет баспана алуға көмек көрсетіп, көші-қон шығынын да көтеріп алды. Үй-іші де бұл жаққа тез үйренісіп кетті.
Айжан Сетербаева, кәсіпкердің жары:
-Ұнағаны табиғатымен ұнайды, өте жасыл қала жұмыс болғаннан кейін ұнайды, бәріміз жұмыстамыз, бір жерде жұмыс істегеніміз ұнайды.
Жалпы ел дамуының драйверіне айналған облысқа көшіп келушілер көп. Биыл 544 адамды қабылдау жоспарланса, 190-ы ауыл-аймаққа орнығып үлгерген. Оның 68-і қандастар. Әр отбасына экономикалық сертификат беріледі.
Динара Қожанова жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
-Экономикалық ұтқырлық сертификаты яғни қоныс аударушыға үй салуға немесе пәтер сатып алуға 50%,4 миллион теңге аспаған түрде көмек көрсетіледі және отбасы мүшесіне де көмек көрсетіледі.
Қоныс аударушылар көбінесе Ұлан, Шемонайха аудандары мен Риддер, Өскемен қаласына тұрақтайды. Облыста жалпы 864 кәсіпорын болса, оларға 8 мыңға жуық кадр керек. Ендеше өлкеге келгендер жұмыссыз қалмайды.
Авторлары: Диана Қадыр, Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин