Қостанайда №6 балабақшаның бір бөлігі апатты жағдайда тұр
Арнайы жатын бөлмелері болмағандықтан балалар әдістемелік кабинет пен спорт залына орналасқан. Ата-аналар осылай деп шағымданды. Ал балабақша меңгерушісі: «Ғимарат ескі екенін мойындағанымен, құлап кететіндей жағдайда емес»— дейді.
Бұл балабақша 45 жыл бұрын салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмепті. Іші жылы, жайлы дегенімен, сыртқы түрінен күрделі жөндеуді қажет ететіні көрініп тұр. Темір жабдықтары даттанып, ескі ағаш терезелерінің сыры кетіп, қабырғасының сылағы түсе бастаған.
Бізбен тілдескен ата-аналар балаларының денсаулығы үшін алаңдайтынын айтады. Өйткені орта топтағы бүлдіршіндер былтыр екінші қабаттағы әдістемелік бөлмеге және спорт залға көшіріліпті. Тамақ ішетін, ойнайтын, жатын орны бәрі сол бір жерде екен.
Майра Құсайынова, ата-ана:
-Олардың жеке санузелдері жоқ. Жеке жататын бөлмелері жоқ. Терезелері де дұрыс ашылмайды. Ауа былай тазарып тұруы керек қой. Сол себепті бізде балалар көп больничныйға шығады, көп ауырады. Бізге түсіндіруі бойынша балабақшаның бір жағы авариялық халде дейді. Ол жаққа біз аша алмаймыз, ол жаққа балаларды жібере алмаймыз дейді.
Балабақша меңгерушісі төменгі қабаттағы бөлмелердің бір бөлігін көрсетті. Жұтынып тұрмаса да, тым жұпыны деуге келмес. «Жақсы деген жерлері осы-ау» деп шамаладық. Ал екінші қабатқа көтерілетін баспалдақты дәл кеше сырлап қойыпты. Сондықтан ол жағына бара алмадық. Бізді бастап жүрген балабақша меңгерушісі ғимарат ескі болғанымен апатты жағдайда емес, - деп сендіріп бақты.
Римма Әбішева, балабақша меңгерушісі:
-Бұл ғимарат егер бұл балалардың өміріне, денсаулығына қауіп төніп тұрса, ол міндетті түрде жабылатын еді. Бүгінгі күні бұл ғимарат жұмыс барысында, жұмыс істеудеміз. Қуаттылығы 280 балаға арналған. Сол 280 бала жыл бойы бізге қатынап отырады. Жағдайлары жасалып отыр.
Бұл нысанды бастан-аяқ жөндеу керектігін техникалық сараптама қорытындысы да көрсетті. Көпқабатты үйлердің қыспағында қалғандықтан балабақшаға арнайы қызмет көліктерінің жетуі қиын және төменде орнасқандықтан ағынды сулардың бәрі осы жердің кәріз желісіне құйылады. Білім басқармасындағылар ғимаратты жөндеп, айналасын дұрыстау керектігін түсінеді. Тіпті жобалық сметалық құжатын дайындап, мемлекеттік сараптамадан өткізіп қойыпты.
Ұмсын Бектұрғанова, қалалық Білім бөлімінің баспасөз хатшысы:
-Бұл жоба 910 миллион теңгеге шықты. Осыншама қаржыға бюджеттік тапсырыс та берілді. Ол енді облыстық Мәслихат сессиясында қаралуы тиіс.
Мәслихат депутаттары бұл мәселені ұзаққа созбай талқыға салды. Алайда 910 миллион теңгені тым көп көріп, жоба шығынын қысқарту керек деп шешіпті. Соған қарағанда тағы бір есептеп, қайта тапсырыс беруге тура келетін сияқты.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Ермек Мұхамедияров