Абай облысына гуманитарлық көмек жөнелтіліп жатыр
Қарапайым тұрғындар, мекемелер мен кәсіпорындар, бизнес өкілдері қиын жағдайда қалған тұрғындарға керек-жарағын жеткізуді жөн көрді. Азық-түлік, гигиеналық заттар, дәрі-дәрмек, өзге де күнделікті тұтынылатын тауарлар тиелген жүк көліктері бүгін де жолға шықты.
Гуманитарлық көмекті қабылдау пункті Алматы қаласында кеше жұмысын бастады. Қоғамдық қор өкілдері қала тұрғындарын көмектен шет қалмауға шақырады. Зардап шеккендер мен өрт сөндіруге атсалысып жатқан жандарға ең керегі қалбырдағы бұзылмайтын азық-түлік, ауыз су, түтіннен қорғайтын бетперде, пауэр-бэнк сияқты заттар екен.
Бағдат Анарбаева, қоғамдық қордың төрағасы:
-Нақты біз гуманитарлық көмекті сол тізімдер бойынша жинап жатырмыз. Жалпы айта кететін болсақ қазіргі таңда осы гуманитарлық көмекті жинау штабы Алматы қаласы волонтерлер фронт офисының негізінде құрылған.
Түркістан жұртшылығы да қалыс қалар емес. Көмек көрсетуге ниеттілер қатарында шекарашылар да бар. ҰҚК Шекара қызметі департаментінің жеке құрамы «Біз біргеміз» акциясын ұйымдастырған.
Дулат Әлдербаев, ҰҚК Шекара қызметі департаменті басқармасының бастығы:
-Абай облысының өрт сөндірушілеріне, орман шаруашылығының ұжымына және тұрғындарына көмек қолын созу аясында азық-түлік пен қажетті дәрі-дәрмектерді жолдаймыз. Құрметті Абай облысының өрт сөндірушілері, біз сіздермен біргеміз!
Қарағандылықтар да сауапты істен сырт қалып жатқан жоқ. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Абай өңіріндегі алапат өрттен зардап шеккен тұрғындар мен тілсіз жаумен күресіп жатқан батырларға азық-түлік, киім-кешек, дәрі-дәрмек, жеке гигиеналық заттар, көрпе-жастық жинаған. Жүк тиелген көлік ертең діттеген жерге жетуі тиіс.
Гюльага Рзаев, Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі:
-Бір Газель необходимый тауар алып, жинадық. Алла жазса екінші Газельді де толтырамыз. Ең бірінші шаһид болған адамдардың отбасыларына денсаулық тілейміз. Қазақстанымыз аман болсын!
Павлодарлық волонтерлар гуманитарлық көмекті жүк көлігімен өздері алып барады. Жолға шыққан көлік керуеніне 20 мың литр су, азық–түлік, киім –кешек және дәрі-дәрмек, 20 тонна жанар-жағармай тиелген. Жалынды жастар қызыл жалын шарпыған аумақтағы барлық жұмыстарға атсалысуға бекінген.
Дәлелхан Кенжебек С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттер қауымдастығының төрағасы:
-Негізі басында бізге 5 волонтер жеткілікті деген. Бірақ балалардың саны одан да көбейіп біз 10 студент апарамыз. Адамдар қиналып жатқанда біздің қолымыздан келгенше көмегімізді көрсеткіміз келді.
Ал жергілікті жоғары оқу орындары орны толмас қайғыға ұшыраған орманшылар отбасының балаларына арнап 15 оқу грантын бөлді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Жеңіс Темірболат