Қазақстанда электр энергиясының тапшылығы болуы мүмкін
Елімізде электр энергиясының қуаты төмендеп, тапшылық болуы мүмкін. Республика бойынша 139 мыңға жуық маман еңбек етсе де, кадрлар тапшылығы тағы бар. Бұдан бөлек энергетика саласындағы бізге және ТМД-ға қатысты ортақ мәселелер халықаралық ардагер энергетиктер форумында талқыланды.
Жиында Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан елдерінен энергетик ардагерлер және білікті мамандар саланың өзекті мәселелерін қызу талқылады.
Жаңабай Бексары, «KEGOC» АҚ әлеуметтік-еңбек қатынастары және қоғаммен байланыс жөніндегі басқарушы директоры:
- Көршілес елдермен біздің Қазақстан энергетика жүйесін тиімді әрі өзара байланыс орнату мәселесін талқылайды. KEGOС компаниясының басшысы және Самырұқ қазына компаниясының басшылары бүгінгі күннің алдында тұрған энергетиканың маңызды мәселелері және оның шешу жолдары жайында ойларын ортаға салады.
Форумға қатысушылар электр энергиясының тапшылығына алаңдаушылық білдірді. Болжамды тапшылықты жабу мақсатында бекітілген Қазақстанның энергетикалық балансын талқылай келе, жаңа өндіруші қуаттарды салу, сондай-ақ KEGOC-тың энергетикалық байланыстарды күшейту жобаларды салу және Батыс аймақты Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесімен біріктіру жобаларына баға берді.
Жаңабай Бексары, «KEGOC» АҚ әлеуметтік-еңбек қатынастары және қоғаммен байланыс жөніндегі басқарушы директоры:
- Бүгінгі энергетика саласының өркендеп өсуіне барлығы өзінің еңбек жолын арнағандар. Мұндағы ең басты мақсат– осы энергетика кімнің қолында? Жастар қалай соны басқару керек деген сұрақ туындайды. Қазір жаңа заман ғой, жаңа технологиялар, жаңа құрылыстар. Жалпы жоспар өте үлкен, өте көп. Мәселе, соны уақытында, байыпты қылып, сапалы орындау.
Форумда кадрларды даярлау мен біліктілікті арттыру мәселелері талқыланды. Ардагерлер мен жас мамандар арасында тығыз байланыс орнады. Шара соңында «Ардагер энергетик» құрметті төсбелгісі мен сертификаттары табыс етілді.
Авторлары: Диана Қадыр, Даурен Жұрхабаев