Хабар телеарнасы

Таразда жүрекке ота жасайтын дәрігерлер әулеті тұрады

Таразда жылына 3 мыңнан аса тұрғынның жүрегіне операция жасайтын дәрігерлер әулеті тұрады. Әбдутәліп Әшіров пен әке жолын қуған қос ұлы үнемі біліктілігін арттырып, медицинадағы соңғы технологиялармен ота жасайды. Мәселен, олар жуырда елімізде алғаш рет дефи-бриллятордың жаңа түрін жүрекке орнатты. Дәрігерлер династиясының еңбек өтілі, әзірге 80 жыл. Көпшілікке үлгі болған отбасымен тілші Мерей Бает жолығып, әкелер күніне арнайы сюжет дайындаған екен, көрейік.

Әбдутәліп Әшіров өмірінің 40 жылын кардтохирургияға арнаған. Осы уақыт дейін 4 мыңнан аса науқасқа ашық ота жасап, өміріне араша болды. 66 жасқа келген ақ халатты тәжірибесімен бөлісіп, әлі күнге ем шара жүргізеді.

Әбдутәліп Әшіров, кардиохирург
-Әлемдік статистика бойынша жүрек ауруымен келетін науқастардың 70% коронарлық артерия ауруына шалдыққандар. Ал 15% туа бітті жүрек ауруы барлар. Жалпы жыл санап бұл ауру түрлері жасарып барады. Біздің облыстың өзінде 4-5 мың адам коронарлық артерияның бітелуі бар-жоғын анықтауға кезекте тұр. Ал біз істейтін орталықта жылына 2 мыңнан аса науқасқа ота жасаймыз.

Әбдутәліп Әшіровтың үлкен ұлы Руслан да әке жолын қуған. Оның қызметі коронарлық ауруларды ерте кезеңінде анықтау. Кардиолог ультрадыбыстық аппарат көмегімен патологияның алдын алу үшін жүрек жағдайын мұқият тексереді. Осы мамандықты таңдауға әкесінің өмір жолы үлгі болғанын айтады.

Руслан Әшіров, кардиолог:
-Бала кезден әкем сияқты дәрігер болуды армандадым. Үнемі науқастардың алғысын алып жүретін. Қазіргі кезде үлкен ұлым да Асфендияров атындағы университетте дәрігер оқуын оқып жатыр. Ата жолын қуып халыққа көмектескісі келеді.

Әбдутәліп Әшіровтың екінші ұлы Тимур Әшіров та 15 жылдан бері кардиохирург болып жұмыс істейді. Аптасына 70-ке жуық ота жасайтын білікті маман, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Жуырда елімізде алғаш рет дефибриллятордың соңғы үлгісімен имплантация жасады. Құрылғы науқас қай жақта болса да смартфонмен жүрек соғысын қадағалауға мүмкінді береді. Әшіровтерге қаралу үшін еліміздің әр аймағымен қатар шет елдерден де ем іздегендер арнайы келеді.

Айдар Момышев Шу ауданының тұрғыны:
-Қазіргі жағдайым өте жақсы. Бұрынғыдай демала алмай қалу жоқ. Бұрын ондай болмаған сияқты да. Көп өзгерді. Дәрігерім айтпақшы, мен саған жаңа жүрек салдым дегендей. Сол жаңа жүрекпен жүрмін қазір. Өзгеріс көп. Жағдайым әйбат. Рақмет дәрігерлерге.

Дәрігерлер династиясының жұмыс өтілі 80 жылды еңсерген. Әбдутәліп Әшіров бұл көрсеткіштің мұнымен шектелмейтініне сенімді. Шөбере, шөпшектері де ата жолын қуар деп үміттенеді.

Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатіллә