Астанада бос жұмыс орындардың жәрмеңкесі өтті
Астаналық 55 компанияда бос жұмыс орны бар. Аталған мекемелер жәрмеңке өткізді. Олар осы шара арқылы 800 адамды қызметке алуға ниетті. Бұл дипломын енді ғана алған түлектер үшін таптырмас мүмкіндік. Бас қалада қандай мамандар сұранысқа ие?
3 күні бойы Астанадағы жастар сарайы жастарға қызмет ұсынатын алаңға айналды. Бұл жәрмеңке оқу жылы аяқталған тұста арнайы ұйымдастырлыпты. Сұранысқа келер болсақ, есепші, заңгер, әкімші болып кете береді.
Әлишер Смағұлов, ІТ маманы:
- ІТ мамандығы бойынша жұмыс іздеп жүрмін. Осы жылы оқуымды бітірдім. Жәрмеңкеге келіп, қандай ұсыныстар бар екенін білдім. Сол бойынша ойланып көремін. Біздің салада қазір бәсеке де жоғары. Келіп жатқандар көп.
Иә, үміткерлер қатары көп. Арасында студенттерді де кездестірдік.
Шерхан Ыбыраев, студент:
- 2 курс студентімін. Негізгі мамандығым – ветеринария. Мен әлі оқып жатқандықтан, ол мамандықпен жұмыс істей алмаймын. Сол себепті басқа да жұмыстарға кіріп қосымша табыс тауып жазғы демалысымды пайдалы өткізгім келді. Келесі аптада жұмысқа орналасуға келістік.
Уақытшасы бар, тұрақтысы бар, жәрмеңкеде 800 орын ұсынылды. Келген әр үміткер өз қалауы бойынша келісім жасасты.
Құралай Айтмағамбет, жұмыс беруші:
- Бізде бухгалтерлік ұйым бар, қазір заңгер іздеп жатырмыз. Жұмыс тәжірибесі жоқ болса да ниет танытқан адамды жұмысқа алуға дайынмын. Қызметтік міндетін өзіміз үйретеміз, көмектесеміз.
Шараға қатысушылар арасында жекеменшік компаниялармен қатар мемлекеттік мекемелер де болды.
Айта кетейік, елордада бос жұмыс орындарының жәрменкесі әр тоқсан сайын ұйымдастырылады.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Болатбек Табалдиев