Шетелдегі қандастар арасында қазақ тілінің ахуалы қандай?
Президент Түркістандағы құрылтайда шетелдегі қандастарымызбен тығыз қарым-қатынас орнатып, рухани байланысты нығайта береміз деді. Осы орайда мамандар шетелдегі қазақтардың арасында ана тілін сақтаудың өзекті мәселе екенін айтып жүр. Сондықтан бүгінде қазақ тілі курсына сұраныс артқан.
Айта кетейік, ресми дерек бойынша шетелде 4 млн-ға жуық қазақ өмір сүреді. Ол елдердегі ана тілімізді оқыту жай-күйі мен мәртебесі қандай?
Алдымен Ресейден бастайық. Бұл елде қазір қазақ мектептері жоқ. Соңғысы 2015 жылы жабылған. Оған оқулықтардың Ресей заңына сай келмеуі себеп. Ана тілдегі сабақтар тек сыныптан тыс пән ретінде қалған. Десе де сондағы ауыл мұғалімдері қазақ тілі мен әдебиет пәнінің жаңа оқу әдістемесін дайындап, ана тілдің мәртебесін арттырып келеді.
Олардың арасында Галина Сванқұлова да бар. Айтуынша, әдістеме заңға сай болуы үшін сан мәрте қайта жазылған. Ақыры жанкешті еңбектің арқасында қазір 1-4 сыныптарға арналған қазақ тілі мектептерге пән ретінде енгізілген.
Галина Сванқұлова, Алтай Республикасы Қосағаш ауылының жоғары дәрежелі мұғалімі:
- 5-9 сыныпқа арналған бағдарлама бар. Дайындап жатырмыз. Шетелде тұрсақ та, тілімізді ұмыт қылмай, ата-бабамыздан мұра болып келе жатқан дүниелерді келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында дәстүрді жалғастырып келе жатырмыз.
Ал көрші Өзбекстанда да соңғы 7 жылда 6 қазақ мектебі жабылған. Өйткені оқушы азайған. Ата-аналар балаларын мемлекеттік тілдегі мектептерге беруге тырысады екен. Өйткені олар болашақта жоғары оқуға түсу үшін сол тілде тест тапсыруы керек. Алайда бұл тұрғыда да Өзбекстандағы қазақ мәдениеті мамандарының ерлігі басым. Олар екі елдің басшыларына хат жазып жүріп, бұл мәселені шешкен. Қазіргі түлектер қазақ тілінде де тест тапсыруға мүмкіндік алған.
Серік Үсенов, «Қазақ мәдени» орталығының төрағасы:
- Алдын мектеп, колледж, лицей бітірушілеріміздің 15% оқуға кірер еді. Ал қазір қазақ тілінде тест тапсырғаннан кейін 35% шықты. Біздің мақсатымыз – осыны 60% жеткізіп алу.
Ал мұхиттың арғы жағындағы жағдайды айтар болсақ, АҚШ-та қазір екі тілдік курс ашылған. Вирджиния мен Мэриленд штатында ерікті Жанар Көбекбай сабақ береді. Айтуынша, оқулықтар жеткілікті. Бірақ ондағы сабақтар бала үшін тым қиынға соғады. Сондықтан оқу-әдістемелік құралды да балалардың деңгейіне қарай өзі құрастырған.
Жанар Көбекбай, қазақ тілін үйретуші ерікті:
- Дәл қазіргі деңгейде қатып қалған кітап керек емес деп ойлаймын. Ол кітаптың өзі өте қиындатылып берілген мына балалардың деңгейіне. Сондықтан қазір әрбір сабақты баланың деңгейіне қарай оңай түсінетіндей қылып, баланың миына тез жететіндей сөздер мен суреттер арқылы беріледі.
Маманның айтуынша, келетін бүлдіршіндердің көбі - сол елде дүниеге келгендер. Одан бөлек, қоныс аударып, сол ортаға қарай тілі бейімделіп бара жатқан балалар да бар екен.
Розлана Алтынбекова, ата-ана:
- Біз Америкаға келмей тұрып балаларымыз тек ана тілінде сөйлеген. Осы жерге көшкенде ортамыз ағылшынша сөйлей бастады. Осы қазақ мектебі ашылғанда бірте-бірте келе бастадық. Өте қуандық.
Қазіргі таңда Отандастар қорының ұйымдастыруымен әлемнің 10 елінде осындай оффлайн курстар ашылған. «Алайда алыс шетелдердегі азаматтардың өз тілін ұмыту процесі тез жүріп жатыр»,- дейді мамандар. Сондықтан қазір онлайн курстарға да басымдық беріліп жатыр.
Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті:
- Онлайн курсты 4 тілде, қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілінде сабақ беріледі. 1000-ға жуық қатысушы бар. Австралия, Сидней, Оңтүстік Америка, Кореяға дейін қатысушылар бар.
Сондай-ақ қор биыл үшінші жыл қатарынан жазғы лагерьлерді ұйымдастырмақ. Бұл жолы 180 шетелдегі қазақ баласы елге келеді. Олар екі апта бойы тілдік сабақтардан өтіп, мәдени, тарихи жерлерді аралайды. «Әрине, мұның бәрі ана тілді ұмытпау мен ұлықтаудың парыз екенін ұғындыру мақсатында қолға алынған жобалар»,- дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Әбдікәрім, Нұрбек Бекен, Рауан Мыңбаев