Алматылықтар ауызсу мәселесін ұмытады
Алдағы екі жылда Алматыдағы 250 мың тұрғын ауызсу мәселесін ұмытады. Қала әкімі Ерболат Досаев мегаполистің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы есебінде осылай деді. Тұрғындар: «әп бәрекелді», - дей бергені сол еді, әкім қоғамдық көлік паркін жаңартамыз, жаңа мектеп пен медициналық нысандар да салынады деген екен.
Жуырда Үкімет қаулысымен Алматы қаласының 2040 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілді. Болжамға сәйкес мұндағы халық саны 3 млн адамға жетеді. Бұл онсыз да кептелістен көз ашпайтын қаланың жағдайын қиындатады. Сол үшін қазірден қоғамдық көлік паркін ұлғайтудың қамы жасалуда. Сонымен биыл қанша автобус алынады?
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
- Коммуналдық парк үшін 600 бірлік жаңа газ автобустары және 100 бірлік троллейбус сатып алынады. Сондай-ақ 100 мектеп автобусын шілденің соңына дейін сатып алуды бітіреміз. Биылғы жылдың басынан бастап 5 жаңа автобус маршруты ашылды.
Орталықтандырылған ауызсу. Бұл да қаланың жекелеген аудандары үшін өткір мәселе. Биыл Қарғалы өзенінде су жинау құрылғысы аяқталып, 50 мың тұрғын сапалы сумен қамтамасыз етіледі. 2025 жылға қарай 250 мың халық таза тіршілік нәріне қол жеткізе алады. Жалпы инфрақұрылымды жақсартуға басымдық берілуде.
Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
- Биыл 6 шағын ауданда 25 км жаңа жол салуды және 250 км орташа жөндеу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Екі жыл шеңберінде 37 мың орында 22 мектеп салынады. Сондай-ақ 3970 орындық білім беру обектісін іске қосуды жоспарлап отырмыз.
Сонымен қатар биыл 6 отбасылық-дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі. Жалпы алдағы уақытта Алматыда 200 жаңа мектеп және 80-нен астам медициналық мекеме салынады.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы