Семейде тұрғын үйлердің сыртын суреттермен безендіру ісі басталды
Семейдегі көпқабатты 7 тұрғын үйдің сыртын суреттермен безендіру ісі басталды. Биік ғимараттарға Абайдың бейнесі, қала көріністері салынады. Бұл суреттер, әсіресе, бұрын салынған ескі үйлердің сұр қабырғасына әсемдік сыйлап, көрген жұрттың көз қуанышына айналмақ. Эстетикалық идеяны алматылық мамандар жүзеге асырады. Қаладағы өзге көпқабатты үйлерді ашық түспен сырлау жұмыстары да жалғасып жатыр. Биыл қырық шақты ғимарат жаңа келбетке ие болады. Бұл мақсатқа қалалық бюджеттен 198 млн теңге қаржы бөлінген.
Диана Шаяхметова, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
- Үйлердің қасбетіне салынған суреттерге жақсы пікір білдіріп жатқандар көп. Сурет салуды жалғастырамыз. Қазір Бозтаев көшесінде жұмыс жүріп жатыр. Ондағы тақырып футболмен байланысты болмақ. Қазақстан футболы біздің қаламыздан бастау алғанын жақсы білесіздер. Қаланың логотипі, футбол добының суреті салынады. Біз жарқын түстерді таңдаймыз. Ол қаламыздың ажарын ашары анық.